Экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаға жауапкершілік бүгінде кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі көрсеткіштерінің біріне айналды. Түркістан облысында агросала мен экология бағытындағы жұмыстар жанданады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, сондай-ақ табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу салаларындағы өзекті мәселелер қаралды.
Жиында «Ауыл аманаты» мен «Яссы несие» сияқты агро-жобалардың нәтижелілігі сараланды. Сонымен қатар вегетация кезеңінде суды үнемдеу, ветеринариялық қауіпсіздік пен базаларды нақтылау, заңсыз иемденілген жайылымдарды қайтарып, елді мекендерге бекіту мәселелері сөз болды. Экология бағытында қалдықтарды өңдеу мен 8,8 мың гектардан астам алқаптағы ағаштарды күтіп-ұстау жұмыстары да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда облыс аумағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мақсатында 6 аймаққа бөлінген. Оларға кәсіпкерлерді тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған аймақтарда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу саласын жүргізуге 7 кәсіпкер ұсыныс білдіруде.
Сонымен қатар аталған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 238,0 млн. теңгеге қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек облыста шет елдік технологияны пайдалана отырып, 60 гектарға терек ағашының қысқа мерзімде өсіп жетілуіне қол жеткізу жоспарлануда.
Ал көгалдандыру саласы бойынша облыс көлемінде күзгі көшет егу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған кезеңде 620 мыңнан аса көшет отырғызу жоспарланып, нақты нәтижелерге қол жеткізу көзделуде.
Жиынды қорытындылаған Нұрбол Тұрашбеков басқарма басшыларына белгіленген индикаторларды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Сонымен қатар бюджеттік қаражаттың әрбір теңгесі тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қажет екенін қатаң ескертті. Жауапты басқармаларға аталған бағыттар бойынша жұмыстарды жандандырып, нақты нәтижеге бағытталған шараларды күшейту тапсырылды.
Жалпы, Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту бағытында өңірдің өзіндік климаттық ерекшеліктеріне (құрғақшылық, Арал теңізінің әсері, шаңды дауылдар) негізделген бірқатар ірі және жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. Өңірдегі негізгі жұмыстар атмосфералық ауаны қорғау, көгалдандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және қалдықтарды басқару сияқты басты бағыттарды қамтиды. Президент тапсырмасы аясында облыста 5 жыл ішінде 110,2 мың гектардан астам жерге 170 миллионнан астам ағаш көшеттерін отырғызудың кешенді жоспары орындалуда. Қазіргі уақытта тек 8,8 мың гектардан астам алқаптағы ағаштарды күтіп-ұстау және суғару жүйелерін дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.
Облыстық мәслихаттың шешімімен өңірдегі экологияны сауықтыруға бағытталған 38 ірі іс-шараны қамтитын жаңа жоспар бекітілді. Бұл мақсаттарға қомақты қаражат бөлінді: су нысандарын қорғау мен үнемдеуге 12 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл қаражат вегетация (егістік суғару) кезеңінде суды үнемдеу технологияларын енгізуге және өзен-көлдерді тазартуға жұмсалуда. Қалдықтарды басқаруға: 4,7 млрд теңге жоспарланып отыр. Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғауға: 2,4 млрд теңге көзделсе, атмосфералық ауаны қорғауға: 1,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.