ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫДА МАЛ СҮЙЕКТЕРІН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ БИЫЛ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

09.09.2026, 22:26
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫДА МАЛ СҮЙЕКТЕРІН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ БИЫЛ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

      Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Аталған саладағы көрсеткіштер бойынша өңір республикада бірінші орында. Сонымен қатар өңірге инвестиция тарту, терең өңдеу және экономиканы әртараптандыру бағытында ауқымды жобалар мақұлданып, жұмыстар жалғасуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданындағы «Huating Biotechnology Co., LTD» компаниясының май және желатин компоненттерін өндіретін зауытының құрылыс барысымен танысты.

      Темірлан елді мекенінде орналасқан кәсіпорын мал шаруашылығынан шығатын қалдықтарды тиімді кәдеге жаратып, сүйекті терең өңдеуге бағытталған. Зауытта мал сүйектерінен май және желатин компоненттері өндіріледі. Сонымен қатар сүйекті үгітіп, одан әртүрлі ыдыстар мен басқа да өнімдер, жем шығару мүмкіндігі де зерделеніп жатыр.

       Жобаның жалпы инвестициялық құны – 9 млрд теңге. Оның бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынған. Бірінші кезеңін биыл қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланған. Бұл кезеңде 30 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорында жылына 5 мың тонна май және желатин компоненттерін өндірілмек. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

      Қазіргі таңда зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Бүгінде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. Инвестор өндіріс ауқымын алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, малдың қанын да кәдеге жаратып, одан қосымша өнім өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

      Кездесу барысында облыс әкімі өңірдегі бордақылау алаңдарында жиналатын мал сүйектерін осы кәсіпорынға жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тізбегін кеңейтуге мүмкіндік береді.

       Нұралхан Көшеров зауытты белгіленген мерзімде іске қосудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне кәсіпорынды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету мәселесін жедел шешуді тапсырды.

        Жобаның іске қосылуы Ордабасы ауданында терең өңдеу өндірісін дамытуға, мал шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жаратуға және жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға жол ашады.

       Мал сүйегін өңдеу — қалдықсыз өндірісті дамыту, экологияны қорғау және экономикалық пайда табу үшін өте қажет. Сүйек жай ғана қалдық емес, ол — өндірістің көптеген саласында қолданылатын құнды шикізат.  Өңделген сүйектен сүйек ұны дайындалады. Ол мал мен құс азығына кальций, фосфор және нәруыз (белок) көзі ретінде қосылады. Бұл малдың өсуін тездетеді және сүйегін қатайтады.  Сүйек ұны өсімдіктер мен егістіктер үшін таптырмас фосфорлы органикалық тыңайтқыш болып табылады. Сүйек құрамындағы коллагеннен тамақ өнеркәсібінде, медицинада (капсулалар жасау) және косматологияда қолданылатын желатин мен техникалық желім алынады. Жоғары сапалы, нәзік әрі мықты ыдыс-аяқ жасау үшін күйдірілген сүйек күлі қолданылады. Ірі қара малдың сүйектерінен түймелер, тарақтар, пышақ саптары, кәдесыйлар (сувенирлер) және қазақтың дәстүрлі ойын бұйымдары (мысалы, асық, шүмек) жасалады.

 

       Мал сүйектері ашық аспан астында немесе қоқыста қалса, өте баяу шіриді. Ол инфекциялар мен ауру тарататын зиянкестердің жиналуына себеп болады. Өңдеу зауыттары бұл қауіптің алдын алады.