Түркістан қаласында отандық өндірушілердің өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге, өткізу арналарын кеңейтуге және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» өңірлік экспорттық кеңесі өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ұлттық компаниялар мен сауда алаңдарының өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысының кәсіпкерлері қатысты. Кездесу барысында өңірлік бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық өнімнің өткізілуін кеңейту және кәсіпорындардың экспортқа шығуына қажетті жағдайлар жасау мәселелері қаралды.
Жиынның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қайыпбек Қайыпбек сөз сөйлеп, өңір кәсіпкерлігін дамыту және өндірістік әлеуетті тиімді пайдалану бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
- Бүгінде Түркістан облысының экспорттық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,2%-ға өсті. Экспорт көлемі 36,5%-ға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Соңғы үш жылда облыс экспорты 142%-ға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – өңірдегі өндірістің кеңейіп, кәсіпкерлік белсенділіктің артып, сыртқы нарықтарға бағдарланған кәсіпорындар санының өсіп келе жатқанының нақты нәтижесі. Өнімдеріміздің экспорттық географиясы да кеңеюде. Түркістан кәсіпкерлері Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерімен қатар, Түркия, Иран және Еуропа нарықтарына шығуда. Ендігі кезеңдегі негізгі міндет – экспорт көлемін ұлғайтумен қатар, оның құрылымын сапалық тұрғыдан өзгерту. Шикізат экспортын қысқартып, терең өңделген, жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесін арттыру қажет, – деді Қанат Қайыпбек.
Түркістан облысы – еліміздің агроэкспорттық әлеуетін қалыптастырып отырған жетекші өңірлердің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сиыр еті экспортының 80%-ы, қой еті экспортының 75%-ы облыс үлесіне тиесілі болды. Сондай-ақ Түркістан облысы жеміс-көкөніс өнімдерінің экспорты бойынша республикада бірінші орында. Түркістан облысынан уран, мақта және мақта талшығы, тоңазытқыш, өсімдік майы, сусындар, балық өнімдері, трансформаторлық жабдықтар, жиһаз және басқа да өңделген өнімдер сыртқы нарықтарға шығарылуда.
«Атамекен» ҰКП тарапынан Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп «Қазақстанда жасалған» брендімен отандық өнімдерді қолдау және ілгерілету жөніндегі кешенді бағдарлама жобасы әзірленген. Жоба ішкі нарыққа шығу, өнім сапасын стандарттау, ұлттық брендті ілгерілету және экспортты қолдау бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар импорт үшін маңызды тауарлар, шикізат пен жиынтықтауыштарға талдау жүргізіліп, оларды жергілікті жерде өндіру мүмкіндіктері қарастырылуда. Отандық өнім экспортына кедергі келтіретін талаптар мен шектеулерді қайта қарау, сондай-ақ маркетплейстер мен логистикалық серіктестер арқылы жаңа өткізу арналарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлердің сұрақтарына Қазақстанның Даму Банкі, QazTrade, «KazakhExport», «ҚазСтандарт» және QazIndustry өкілдері жауап беріп, қолданыстағы қолдау құралдары мен оларды пайдалану тәртібін түсіндірді. Түркістан облысы үшін кәсіпорындарды экспортқа дайындаудың нақты алгоритмін қалыптастыру ұсынылды. «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» өңірлік экспорттық кеңесінің қорытындысы бойынша кәсіпкерлер мен экспорттаушылардың ұсыныстарын ескере отырып, отандық өнімнің өткізу нарықтарын кеңейту, экспорттық кедергілерді азайту және өңір кәсіпорындарын сыртқы нарықтарға жүйелі түрде шығару бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Басты мақсат – Түркістанда өндірілген өнімнің нарықтағы үлесін арттырып қана қоймай, «Made in Turkistan» брендімен бәсекеге қабілетті өнімдерді жаңа нарықтарға шығару және өңір кәсіпорындарының тұрақты экспорттық әлеуетін қалыптастыру.