ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ТҰРАҚТЫ

10.09.2026, 22:36
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ТҰРАҚТЫ

       Қазақстанның ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының орталық мақсаты — азаматтардың өмір сапасы мен әлеуметтік әлауқатын тұрақты арттыру. Соңғы жылдардағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттары мемлекеттің әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, табысты теңестіруге, азаматтардың материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шараларды көздейді. Бұл бағыттағы реформалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

        Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауы мен тапсырмалары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер жоспары толығымен орындалып, қысқа мерзімді экономикалық өсім 121,9%-ды құрады. Осылайша, Түркістан облысы республика бойынша 1 орынға тұрақтады.

        Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, бюджеттің атқарылуы мен алдағы міндеттер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жауапты басшыларға экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар берді.

       – Негізгі экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, әрбір сала бойынша белгіленген жоспарлардың орындалуын қатаң бақылауда ұстаңыздар. Әсіресе, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Сондай-ақ, бөлінген қаржылардың мерзімінде және сапалы игерілуін қамтамасыз етіңіздер, – деді Қанат Қайыпбек.

        Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар Түркістан облысының 2026 жылғы 8 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, есепті кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 127,9%-ды құрады. Саладағы жоғары өсім өңдеу және тау-кен өндірісіндегі көрсеткіштердің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібінде 588,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 141,5%-ды құрады. Есепті кезеңге белгіленген жоспар артығымен орындалды. Ал тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 510,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 117,9%-ды құрады. Бұл бағыт бойынша жоспар толық орындалды.

        Ауыл шаруашылығында 714,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 109,5%-ға жетті. Оның ішінде, мал шаруашылығында 360,1 млрд теңгенің, өсімдік шаруашылығында 346,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері негізгі капиталға 1,1 трлн теңге инвестиция бағытталып, өсім 134,4%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 403,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 123,5% деңгейінде қалыптасты. Есепті кезеңде 718,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 107,4%-ды құрады. Барлық аудан мен қалада жоспарлы көрсеткіштер толық орындалды.

        Сауда көлемі 713,2 млрд теңгені құрап, өсім қарқыны 127,9%-ға жетті. Көлік және қоймалау қызметтерінің жалпы көлемі 211 млрд теңгеге жетіп, өсім 112,4%-ды құрады. Ал байланыс қызметтерінің көлемі 8,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 110,8% деңгейінде қалыптасты.

        Сонымен қатар жиын барысында облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Ажиметованың бюджеттің атқарылуы бойынша есебі тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, өңірлер арасында Түркістан облысы шығыстар жоспарының орындалуы бойынша 3 орынға тұрақтады. Жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы облыс басшысының қатаң бақылауында.

          Әлеуметтік және экономикалық даму – кез келген мемлекеттің тұрақты алға жылжуын қамтамасыз ететін негізгі бағыттар. Экономикалық тұрақтылық әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын арттыруға мүмкіндік береді, ал халықтың әл-ауқаты артқан сайын экономиканың тиімділігі жоғарылайтыны анық.