ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «TURKISTAN BRAND CRAFT FAIR 2026» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

11.09.2026, 22:36
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  «TURKISTAN BRAND CRAFT FAIR 2026» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Қазақтың қолөнері - ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Қолөнер тамыры тереңде жатқан тарихтан сөз қозғап, қазақилығымыздың даралығын айқындайды. Сондай-ақ, бес саусағынан өнер тамған шеберлердің туындыларынан талғамның жоғарылығын, әдеміліктің биік шыңын байқауға болады.

      26-28 қыркүйек күндері Түркістан қаласында Turkistan Brand Craft Fair 2026 халықаралық қолөнершілер жəне экологиялық өнімдер жəрмеңкесі өтті.. Бұл жай ғана көрме емес. Іс-шараның негізгі мақсаты – қолөнерді, кəсіпкерлікті, туризмді, креативті индустрияны жəне халықаралық ынтымақтастықты бір алаңда тоғыстыратын жаңа форматтағы халықаралық платформа қалыптастыру.

       Жəрмеңкеге Қазақстанның барлық өңірлерінен жəне шетел мемлекеттерінен 200-ге жуық шебер қатысып, өз бұйымдарын қала тұрғандары мен қонақтарының назарына ұсынды. Олар керамика, ағаш, былғары, металл, киіз жəне тоқыма бұйымдарын, ұлттық жəне дизайнерлік киімдерді, зергерлік өнімдерді, авторлық кəдесыйларды, табиғи жəне экологиялық өнімдерді ұсынды.

        Turkistan Brand бастамасының негізгі идеясы: шебер → өнім → дизайн → бренд → сатылым → экспорт. Қазақстанда ерекше өнім жасайтын талантты шеберлер көп. Бірақ олардың барлығында заманауи қаптама, маркетинг, цифрлық ілгерілету жəне жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі бірдей емес. Сондықтан біздің міндетіміз – қолөнерді тек сақтау емес, оны бəсекеге қабілетті өнім мен брендке айналдыру. Craft Fair классикалық көрме форматынан ерекшеленеді. Қатысушы өнімін тек көрсетіп қоймай, оны сатып, жаңа тұтынушылар мен серіктестер табуы тиіс. Келушілер өнімді тікелей шеберден сатып алады.

        Халықаралаық жəрмеңкенің биылғы жылғы өте керемет ерекшелігі бар. «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірігіп, республикалық «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері Түркістанға шақырылады. Бұл – ауылдық жерлердегі өндірушілер үшін өз өнімін үлкен аудиторияға, туристерге жəне бизнес өкілдеріне таныстыру мүмкіндігі. Сонымен бірге, 26 қыркүйекте жəрмеңке аясында «Business Tourism Trend Forum» форумы өтті. Мұнда өндірушілер, туроператорлар, кəсіпкерлер, сатып алушылар, дистрибьюторлар жəне əлеуетті серіктестер бір алаңда кездесіп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеу үшін тамаша мүмкіндікке ие болды. Негізгі міндет – B2B байланыстарға, жаңа өткізу арналарына жəне нақты бірлескен жобаларға жағдай жасау.

          Қазақтың қолөнері – халықтың тұрмысы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ол ғасырлар бойы қазақ халқының өмір салты, рухани құндылықтары, күнделікті тіршілігімен тығыз байланысты болды. Қолөнер, бір жағынан, практикалық қажеттіліктерді қанағаттандырса, екінші жағынан, шеберлердің өнерін, шеберлік деңгейін көрсететін эстетикалық мұра ретінде маңызды. Оны адамзат тарихының ең көне өнер түрлерінің бірі десек дұрыс. Адамдар өз қолымен түрлі бұйымдар жасап, күнделікті өмірде қажетті заттарды өндіруде асқан шеберлігімен көзге түскен еді. Қолөнер материалдық қажеттіліктерді қанағаттандыру құралы ғана емес, мәдениет пен дәстүрдің айқын бейнесі болды. Әр қоғамның қолөнері оның тарихы, өмір сүру салты мен мәдениетін айқындады.

         Қолөнер - мәдениет қана емес, экономиканың да маңызды бір бөлігі. Ежелгі және ортағасырлық қоғамдарда қолөнершілердің жасаған бұйымдары сауда-саттықтың негізгі тауарларының бірі болды. Алыс елдерден келген саудагерлердің арқасында бір елдің қолөнері екінші елдің мәдениетіне ықпал етті. Мысалы, Жібек жолы бойындағы елдерде әртүрлі шеберлер өздерінің бұйымдарын сата отырып, басқа халықтармен мәдени алмасуды жүзеге асырды. Бұл процесте қолөнер тек экономикалық емес, мәдени алмасудың да маңызды құралына айналды.

         Қазіргі таңда қолөнердің экономикалық рөлі өзгергенімен, ол әлі де ерекше сұранысқа ие сала ретінде қарастырылуда. Бүгінде қолөнершілер өз бұйымдарын жергілікті нарыққа ғана емес, халықаралық нарыққа да шығарып, өзіндік бірегейліктерін әлемге танытуда. Әсіресе интернеттің арқасында қолөнер бұйымдарын сату жаһандық деңгейде жаңа мүмкіндіктер ашты.