Ана мен бала денсаулығын жақсарту және қорғау — Қазақстанның мемлекеттік саясатының ең басты бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда елдегі медицина тек ауруды емдеумен шектелмей, оның алдын алуға (профилактикаға) және жаңа технологияларды енгізуге көшкен. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті, Мәртебелі Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның есімі берілген 80 төсектік перзентхананы аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Медициналық нысан демеушілік қаражат есебінен салынуда. Жоба өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау, жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Перзентхананың жер учаскесінің жалпы ауданы – 3,3 гектар, ғимараттардың жалпы ауданы – 17 287,98 шаршы метр. Нысанда жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Мұнда босандыру және операциялық бөлімдер, жүкті әйелдер патологиясы, ана мен баланың бірге болуы, жаңа туған нәрестелер реанимациясы және шала туған сәбилерді күту бөлімшелері орналасады.
Перзентханада перинаталдық көмектің III деңгейіне сәйкес жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге, ауыр жағдайдағы аналарға және қарқынды медициналық көмекті қажет ететін нәрестелерге көмек көрсету көзделген. Бұл күрделі жағдайларда медициналық көмекті бір жерде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Медициналық мекеме заманауи жабдықтармен қамтылады. Инженерлік инфрақұрылымында автономды жылыту жүйесі, орталықтандырылған су және кәріз жүйелері, резервтік электрмен жабдықтау көздері, медициналық газдар жүйесі, механикалық желдету және 73 бейнебақылау камерасы қарастырылған. Облыс әкімі нысанды аралау барысында құрылыс сапасына, инженерлік жүйелердің дайындығына және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге назар аударды. Жаңа перзентхана іске қосылғанда Түркістан өңірінде ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндіктері кеңейіп, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға жол ашылады.
Перинаталдық орталықтарды жаңғырту ісі қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Өңірлерінде заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа перинаталдық орталықтар салынып, босандыру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы уақытылы жаңартылып отырады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған тиімді перинаталдық технологиялар мен тірі туудың халықаралық өлшемшарттары медицинаға толық енгізілген. Әйелдерді жүктіліктің алғашқы апталарынан бастап есепке алу, ұрықтың даму ақауларын ерте анықтау үшін міндетті ультрадыбыстық (УЗИ) және биохимиялық скринингтер жүргізіледі. Балалар скринингі: нәрестелер арасындағы тұқым қуалайтын және туа біткен ауруларды (мысалы, фенилкетонурия, туа біткен гипотиреоз, есту қабілетінің бұзылуы) ерте бастан анықтау бағдарламалары жұмыс істейді. Тағы маңызды мәселенің бірі акушер-гинекологтар, неонатологтар және педиатрлардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында үздіксіз оқыту, біліктілікті арттыру және халықаралық тәжірибе алмасу курстары ұйымдастырылады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) деңгейіндегі мамандардың бала ауруларын интеграциялап басқару дағдылары шыңдалады. Бұл шаралардың барлығы түптеп келгенде ана мен бала өлім-жітімін азайтуға, нәрестелердің дені сау болып тууына және қоғамның демографиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.