Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. Түркістан облысында өндірістік парк құру жұмыстары қатаң бақылауда.
Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.
Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. Соның нәтижесінде 1 220 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 8,5 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, жобаның экономикалық тиімділігі дәлелденді.
Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының оң тәжірибесі негізге алынып, облыстың барлық аудандары мен қалаларында осындай өндірістік алаңдар құру жұмыстары қолға алынды.
Бүгінде Түркістан облысы бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылып, өндірістік ғимараттар салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен аудандар мен қалалар аумағында өндірістік ғимараттар салу жұмыстарының барысы бойынша жиын өтті. Жиын барысында өңірлердегі құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайы, тапсырманың орындалуы және алдағы міндеттер кеңінен талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары аудан және қала әкімдіктеріне жұмысты күшейтіп, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес барлық жоспарланған шараларды толық әрі сапалы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда Шардара ауданында өндірістік ғимараттардың құрылысына қажетті сэндвич-панельдер толық жеткізіліп, қаптау жұмыстары жүргізілуде.
Қазығұрт ауданында 2 нысанның қаңқасы көтеріліп, қалған 3 нысан бойынша іргетасын қалау жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар өндірістік ғимараттардың металл қаңқаларын дайындау жұмыстары қатар жүзеге асырылуда.
Сайрам ауданында тапсырмалардың орындалу деңгейі төмен деп бағаланып, аудан әкімдігіне 10 күн мерзім ішінде өндірістік ғимараттарды бірегей эскиздік үлгіде салу және агрозона құру бағытында нақты жоспар әзірлеп ұсыну тапсырылды.
Сарыағаш, Келес, Кентау және Отырар аудандарында өндірістік ғимараттар салынатын жер телімдерін тегістеу жұмыстары аяқталған. Мақтаарал ауданында өндірістік ғимараттарға арналған жер аумағы нақтыланды.
Сонымен қатар Сарыағаш, Келес, Кентау, Мақтаарал және Отырар аудандарында жұмыс қарқыны баяу. Облыс әкімінің орынбасары аталған өңірлерге құрылыс жұмыстарын жедел түрде бастап, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Бұл бастама өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға, импортты алмастыруға, сондай-ақ жаңа инвестициялар тартуға серпін беретін маңызды жоба. Сондықтан, барлық жауапты мекемелерге жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау міндеті қойылды.
Түркістан облысына қарасты аталмыш аудандарда арнайы өндірістік аймақтың құрылуы – еліміздегі индустриялық даму мен кәсіпкерліктің дамуына жасалған маңызды қадам. Бұл аймақтарда жер арнайы өндірістік мақсаттарға бөлініп, бірнеше типтік ғимараттар салынуда. Енді жаңа кәсіпорындар мен өндіріс орындарын ашқысы келетін азаматтар үшін бұл ғимараттар дайын күйінде ұсынылады. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлер өз бизнесін бастағанда құрылыс жұмыстарына уақыт жұмсамай, негізгі жұмысын шоғырландыра алады.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау әлемнің дамыған елдеріндегі индустриялық саясатпен ұқсас. Бұл модельдің басты артықшылығы – кәсіпкерлерге қажет инфрақұрылымды жүргізуге жауапты мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы, ал өз кезегінде кәсіпкерлер өз бизнесін тезірек дамытуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, дайын ғимараттар мен инфрақұрылымның болуы жаңа кәсіпорындардың нарыққа шығуын жеделдетеді, инвестицияларды ынталандырады және жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Бұл тәсілдің негізгі мақсаты – өндірісті әрі қарай дамыту, инновациялық жобаларды іске асыру және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру. Болашақта осындай өндірістік аймақтарды басқа да өңірлерде дамыту жоспарлануда. Бұл – Қазақстанның индустриялық потенциалын арттырып, әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін жоғарылататын маңызды қадам. Кәсіпкерлер үшін жасалған бұл қолдау – еліміздің индустриялық даму жолындағы ерекше әрі тиімді стратегиясы.