Құрылыс жүргізілетін жер телімінің жалпы аумағы – 8 гектар. Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталық құрылысы басталды.
Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталық құрылысы басталды. Маңызды шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, нысанның капсуласын салу рәсімін өткізіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Ордабасылықтарды қуанышты сәтпен құттықтады.
– Бүгін Түркістан өңірінде тағы бір игі бастаманың куәсі болып тұрмыз. Тарихи Ордабасы жерінде жаңа медициналық нысанның құрылысы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек» деген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, былтыр өңірдегі шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, ел игілігіне берілді. Ал бүгін Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталықтың уақыт капсуласы салынуда. Бұл медициналық мекеме болашақта Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет етеді. Осы аймақтардың тұрғындары енді облыс орталығына сабылмай, Темірланда қажетті емді қабылдайды. Өйткені, жаңа перинаталдық орталық жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары деңгейдегі заманауи медициналық көмек көрсетеді. Бұл – ана мен бала денсаулығын сақтап, демографияны жақсартуға серпін беретін маңызды бастама. Перинаталды орталық уақтылы әрі сапалы салынып, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетеді деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Аталған жобаның мердігер мекемесі – «ВД Строй-Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Перинаталдық орталық 200 орынға есептелген. Ғимараттың жалпы алаңы 34 233,30 шаршы метр болса, құрылыс ауданы 12 009,73 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жүргізілетін жер телімінің жалпы аумағы – 8 гектар.
Перинаталдық орталықтың басты ерекшелігі – облыстық деңгейде жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары сапалы, заманауи медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Жоба ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге және өңір тұрғындарына қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге зор мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша негізгі қадамдарды ұсынды. Денсаулық сақтау министрлігі: медициналық инфрақұрылымды дамыту, фармацевтикалық өндірісті кеңейту, процестерді цифрландыру және дәрігерлерді әлеуметтік қолдау сияқты ауқымды қайта құруларды іске қосады. Барлық шаралар - медициналық көмекті сапалы, қолжетімді және заманауи етуге бағытталған.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының 540-ы салынды. 2025 жылдың соңына дейін қалған 115 нысан іске қосылды. Барлық құрылыстар қаржыландырумен қамтамасыз етілген, ал аудандық ауруханаларды жаңарту 2026 жылы да жалғасады.
Сонымен қатар 12 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бірінші нысан Астанада салынып жатыр, биыл Шымкент пен Түркістан облысының Темірлан ауылында жұмыстар қарқынды жалғасуда. Риддердегі көпбейінді аурухананың, Өскемендегі гематология орталығының және Ақтаудағы жедел жәрдем станциясының құрылысы аяқталуда.
2026 жылдан бастап өңірлерге медициналық кадрларды тарту үшін Отбасы банкінің тетіктері арқылы әкімдіктердің қолдауымен арнайы бейінді тапшы бағыттағы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылады. Бұл әсіресе кадрлар тапшылығы ерекше сезілетін өңірлерге қатысты.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. «Қазақтелекоммен» және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2100 жедел жәрдем бригадасы бейнежетондармен, ал 644 қабылдау стационары — бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі Президенттің тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырады: жаңа ауруханалар мен орталықтар салады, фармацевтиканы дамытады, цифрлық технологияларды енгізеді, дәрігерлердің мәртебесін көтереді және қорғайды. Бұл қадамдар денсаулық сақтау жүйесін нығайтады және республиканың әрбір тұрғыны үшін медициналық көмекті заманауи және қолжетімді етеді.