ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ:13 БІЛІМ БЕРУ НЫСАНЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

05.03.2026, 13:23
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ:13 БІЛІМ БЕРУ НЫСАНЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

      2025 жылы өңірде жалпы саны 17 білім беру нысанының құрылысы қолға алынған.

     Түркістан облысында 13 білім беру нысаны пайдалануға беріледі.

     Түркістан облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы өңірде жалпы саны 17 білім беру нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде өткен жылы 4 нысан (3 мектеп пен 1 музыкалық мектеп) пайдалануға беріліп, білім алушылар игілігіне қызмет етуде. Ал қалған 13 нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде белгіленіп, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде.

       Облыстық бюджет есебінен салынып жатқан бұл білім беру мекемелерінің қатарында 8 мектеп, 1 колледж жатақханасы және 4 қосымша білім беру ұйымы бар. Аталған жобалар өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.

       Сонымен бірге өңірде «Мектептерді жаңғырту» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаға облыс бойынша 115 мектеп енгізілген. Оның ішінде 2025 жылға жоспарланған 41 мектептің жөндеу жұмыстары бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар жүргізілді.

        2025 жылы 10 күрделі және 16 ағымдағы жөндеумен жалпы 26 нысан қамтылып, пайдалануға берілді. Қалған 15 (күрделі жөндеу) нысанның қаржысы 2026 жылға өтпелі ретінде қарастырылған. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін арттырып, заманауи талаптарға сай қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

       Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 1116 орта білім беру мекемесінде 554 318 оқушы білім алуда. Мемлекеттік 938 мектептің 827-сі типтік ғимаратта орналасса, 111 мектеп ыңғайластырылған ғимараттарда жұмыс істеп келеді. Жаңа нысандардың салынуы мен қолданыстағы мектептердің жаңғыртылуы аталған көрсеткіштерді жақсартуға және өңірдегі білім сапасын арттыруға оң ықпал етпек.

       Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар – білім беру саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастамалар алдағы жылдары өңір жастарының сапалы әрі қолжетімді білім алуына берік негіз қалайды.

       Жалпы, Түркістан облысындағы жалпы 912 мемлекеттік мектепте 500 мыңға жуық бала оқиды. Дәлірек айтсақ, оның 159-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, оның ішіндегі 35 мектепте оқушылар саманнан салынған ғимаратта білім алады. Сонымен қатар 5 үш ауысымды және 4 апатты мектеп бар. Облыста 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның үшеуі «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында, ал 32 мектеп республикалық бюджет есебінен бой көтеріп жатыр. Былтыр 20 мектеп тапсырылған. Биыл қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, екеуі 2025 жылы пайдалануға берілді.

     «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Құрылысы жүріп жатқан 29 мектеп биыл пайдалануға берілсе,  тағы да 34 мектептің құрылысы аяқталды.

      Ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті, ал 2025 жылы 152 мектепті қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мектептердің 163-ы немесе 44 пайызы ауылдық жерлерде салынады.