ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН

05.03.2026, 13:23
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал», деп айрықша атап өткен болатын. Жылыжайда қияр, қызанақ, салаттық жапырақ және пекин қырыққабаты егілген. Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамыған. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында жылыжай кешенінің жұмыстары ұдайы жалғасуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Бостандық елді мекеніндегі жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Онда өндіріс көлемі мен сапалы өнім шығаруды жоғары бағалап, ауыл шаруашылығын дамыту, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

       Жылыжай иесі Тоир Раимбердиев өз отбасымен бірге ауыл шаруашылығы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда олар өздеріне тиесілі 1,90 гектар жер телімінде жылыжай құрылысына ие болып, түрлі көкөніс дақылдарын өсіруде.

      Мәселен, жылыжайда қияр, қызанақ, салаттық жапырақ және пекин қырыққабаты егілген. Өнімдер сапалы түрде өсіріліп, жетілдіріліп, Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы және Астана қалаларына экспортталады. Қиярдың северинг түрін0,80 га алқабында 2025 жылы 100 тонна өнім алынған, ал 2026 жылы одан да көп өнім жинап, экспортқа шығаруға жоспарланған. Қызанақтың рунед түрі 0,40 га алқабында 2025 жылы 40 тонна өнім алынған және экспортқа жөнелтілген, 2026 жылы өнім көлемін арттыру көзделуде. Жылыжайдың қалған 0,30 га бөлігінде салаттық жапырақ пен пекин қырыққабаты егілген, алдағы жылы бұл дақылдардан өткен жылдарға қарағанда мол өнім алуды жоспарлап отыр.

      Соңғы жылдары елімізде жылыжай шаруашылығы қалыпты дамып, өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатты ден қойып, қауырт қолға алып жатқан тың сала ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және импорттық өнімдердің үлесін азайтуда маңызды рөл атқарады. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес жылыжай көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 232,3 гектарға қысқарып, 1,2 мың гектарды, жылыжайда өсірілген қызанақ пен қиярдың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаны құрады. Жылыжай аумағының қысқаруы өндірілген өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына жəне бизнестің төмен рентабельділігіне байланысты орын алып отыр.

       Бүгінде жылыжайлардың негізгі бөлігі жеміс-көкөніс өсіру үшін ауа райы қолайлы Түркістан облысында – 824,2 га, Шымкент қаласы маңында – 139,2 га, сондай-ақ Алматы облысында – 79 га, Қарағанды облысында – 43 га көлемінде шоғырланған. Елдің басқа аймақтарында да шағын жылыжай алаңдары бар.

       Жылыжай шаруашылықтарының негізгі мақсаты тұрғындарды сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, сауда орындарын тасқын судай басып жатқан көкөніс өнімдерінің импортын азайту, сөйтіп, бағаның тым шарықтап өсуіне жол бермеу екендігі белгілі. Соның нәтижесінде соңғы жылдары белгілі бір дәрежеде қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, пияз сияқты ас-тағам мәзіріне күнделікті қажет болатын өнімдер бағасының тұрақтануына қол жеткізілді.