Түркістан облысы – қазақ халқының рухани орталығы, ұлттық құндылықтар мен тарихи мұралардың алтын бесігі. Бұл өңір қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық болмысын және мәдениетін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде ерекше орын алады.
Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеудің маңыздылығы туралы ұдайы айтып келеді. Соның ішінде ұлттық киімге ерекше екпін берілуі – қуантарлық іс. Иә, ұлттық киім – бұл біздің қайталанбас болмысымыздың, сан ғасырлық мәдениетіміздің көрінісі. Оның әрбір өрнегі мен бедерінде халқымыздың тарихы мен тағылымы жатыр. Сондықтан ұлттық киімге деген қызығушылықтың қайта жандануы – ұлттың өз тамырына оралуының белгісі. Бүгінде «Ұлттық киім күні» кең қолдау тауып, қоғамда зор серпіліс тудырғаны баршаға мәлім. Мектептерде, мекемелерде, тіпті ірі компанияларда ұлттық киім кию дәстүрге айнала бастады. Тігін цехтары көбейіп, ұлттық нақыштағы заманауи үлгідегі киімдерге сұраныс артты. Ұлттық киім – жай ғана сән емес, ол – рухани кодымыздың, мәдени болмысымыздың ажырамас бөлігі. Түркістан облысында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мәдени іс-шаралар, фестивальдер, көрмелер және этнографиялық жобалар тұрақты өткізіліп келеді. Қазақтың ұлттық киімі – халқымыздың мәдениеті мен эстетикалық талғамының көрінісі сонымен қатар, сән мәдениетінің бір бөлігі, ұлттық рухтың, дәстүр мен тарихтың жалғасы.
Түркістан өңірінде ұлттық киімдерді күнделікті өмірде, мерекелік іс-шараларда және мәдени жобаларда қолдану арқылы ұлттық болмыс насихатталуда. Камзол, шапан, сәукеле, тақия секілді киім үлгілері жас ұрпаққа таныстырылып, ұлттық сәннің ажырамас бөлігі ретінде дәріптеледі. Мәселен, «Түркістан жауһарлары» атты ұлттық киім үлгілерінің сән көрсетілімін ерекше атап өтуге болады. Онда қазақ халқының ұлттық киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. «Этноауылға» жиналған тұрғындар ұлттық киіммен ерекше сән-салтанатпен бас қосты. Кимешек киген әжелер ұлттық киімнің қадір-қасиетін паш етіп, сән үлгісін көрсетті.
- Кимешектің қыры да, сыры да көп. Ақ әжелерге жарасатын киім. Бұны әрдайым қымбат дүние деп есептейік, жастарға үлгі болсын деп шашбауымызды тағып, сырғалықтарымыздың бәрін тағып келдік. Қазақтың ұлттық киімін дәріптейік деп кимешекті тек қана Наурызда емес, күнделікті той-жиынға да киіп жүрміз, - деді қала тұрғыны Молдабекова Бейсенкүл.
Қазақтың ұлттық киімдерінің сән-салтанаты мен алуан түрлілігі, олардың тарихы мен мәдени маңызы қала тұрғындары мен қонақтарына кеңінен таныстырылды. Заманауи үлгіде тігілген сәукеле, камзол мен бүрмелі көйлек киген бұрымды арулар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Жалпы, этно-стиль – бұл ұлттық дәстүрлі мотивтерді қазіргі сән үрдістерімен үйлестіретін ерекше бағыт. Этно-элементтер арқылы қазақ мәдениетінің бай тарихы мен дүниетанымын, талғамының көркемдік дәрежесін әлемдік деңгейде сәтті жарнамалауға болады. Бүгінде әлемдік подиумдарда ұлттық нақыштағы киімдер жиі көрсетіліп, олар заманауи үлгіде жаңаша ұсынылуда.
Қазақ ою-өрнектері – көшпелі мәдениеттің бай философиясын бейнелейтін символдар. Қазақ оюларының негізгі элементтерінің мағынасы да әралуан: қошқар мүйіз молшылық пен байлықтың символы болса, түйетабан төзімділік пен күш-қуатты, ал құстұмсық әділдік пен мейірімділікті білдірген.
Ою-өрнектерді қазақ дизайнерлері заманауи сәнде белсенді қолданып келеді. Олар кешкі көйлектерді, жакеттерді, аяқкиімдер мен аксессуарларды безендіріп, кесте, баспа өрнектер және лазерлік нақыштау арқылы маталарға түсіріледі.
Этно-стиль – бұл жай сән емес, ұлттық мәдениетті киім арқылы жеткізу, халықтың даму деңгейінің жоғары екенін көрсету тәсілі. Қазақ дизайнерлері ұлттық ою-өрнектер мен элементтерді халықаралық сән сахнасына шығарып, еліміздің мәдениетін әлемге танытып келеді. Бүгінде қазақ ою-өрнектері тек дәстүрлі киімде ғана емес, заманауи сән үлгілерінің маңызды бөлігіне айнала бастады.