ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ҚЫТАЙ САПАРЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫҢ БАҒЫТЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

03.07.2026, 10:57
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ:  ҚЫТАЙ САПАРЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫҢ БАҒЫТЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

         Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ресми және іскерлік делегация Түркістанмен бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының орталығы – Ухань қаласында Қытайдың 50-ден астам жетекші компанияларының басшыларымен маңызды келіссөздер жүргізді.

      Облыс әкімі бастаған ресми және іскерлік делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен кездесіп, ірі инвесторлармен B2B және G2B форматтарында келіссөздер жүргізді. Іскерлік және мемлекеттік деңгейде өткен кездесулер нәтижесінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың негізгі бағыттары айқындалды. Өңір басшысы Қытай елінің өкілдерімен өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы, «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасы аясында бірлескен ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістік ынтымақтастықты кеңейту және өзара тиімді әріптестікті дамытуға бағытталған өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және көлік салаларындағы бірлескен жаңа жобаларды талқылады. Қол жеткізілген келісімдер өңірге тікелей инвестициялар тарту, инвестициялық әріптестікті нығайтвп, заманауи өндірістер ашуға және Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталды. Кездесуге қатысқан компаниялар Түркістан облысында жүзеге асыруды жоспарлап отырған инвестициялық жобаларын таныстырды.

       Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы өзара сенім мен тығыз ынтымақтастық екі ел арасындағы өңіраралық және экономикалық байланыстардың дамуына берік негіз болып отыр. Екі ел арасындағы қатынас өзара сенімге, теңдікке және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке негізделген. Өңірлік әріптестікті нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп, инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді, – деді Нұралхан Көшеров.

      Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске қосылды. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар қауымдастығы арасындағы серіктестік 2024 жылдан бастап қалыптасып, бүгінде инвестициялық жобаларды пысықтауға арналған тиімді алаң ретінде дамып келеді. Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, шетелдік инвесторларға ұсынылатын қолдау шаралары мен жеңілдіктер жөнінде ақпарат берілді. Өз кезегінде делегация өкілдері Түркістан облысының қолайлы географиялық орналасуын, экономикалық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, өзара тиімді серіктестікті дамытуға қызығушылық танытатынын жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар байланыстарды одан әрі нығайтып, нақты инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Атап айтқанда, медициналық технологиялар саласында жұмыс істейтін халықаралық компания Қазақстан нарығына шығу жоспарларын таныстырды. Компания жасанды сүйек тіндерін қалпына келтіруге арналған материалдар мен күйік пен жарақаттарды емдеуге қолданылатын жасанды тері матрицаларын өндіреді. Инвесторлар Қазақстанға өнім жеткізіп қана қоймай, болашақта өңірде өндіріс орнын салуға ниетті екендерін жеткізді. Сондай-ақ Wuhan Engineering компаниясының басшыларымен кездесу өтті. Компания Түркістан облысында заманауи саябақтар, гүл және құс базарларын құру мүмкіндігін қарастырып отыр. Жобаның алдын ала инвестициялық көлемі 180 миллион юаньды құрайды.