Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы техникалар өндіру саласында жұмыс істейтін ірі инвесторлармен жүздесті. Компания қоқыс таситын көліктер, шаң басатын машиналар, вакуумдық тазалау техникалары, мобильді авариялық электр станциялары және қар тазалау техникаларын шығарады.
Кездесу барысында Түркістан облысында арнайы техника құрастыратын өндіріс ашу мәселесі қаралды. Сапардың ең ірі жобаларының бірі мәдени туризм бағытында талқыланды. Облыс әкімімен кездескен халықаралық компания басшылығы Түркістан облысында ауқымды океанариум немесе теңіз тақырыбындағы ойын-сауық және туристік парк салу жобасын ұсынды. Компанияның туристік инфрақұрылым объектілерін жобалау, салу және пайдалану саласында тәжірибесі мол.
Ұсынылған жобаның инвестициялық көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда Түркістан өңіріндегі туризм саласының дамуына жаңа серпін беруі мүмкін. Қытайдың ең ірі агроөнеркәсіптік құрылымдарының бірі саналатын Huapei Group өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Компания ет өнімдерін импорттау, өңдеу, сақтау және логистикамен айналысады. Тараптар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мүмкіндіктерін және өңдеу саласындағы ықтимал серіктестікті талқылады. Іс-шараны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының ҚХР-ң Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев атсалысып, үлес қосты.
Облыс әкімі Қытайдың құрылыс және инфрақұрылым саласындағы бірқатар жетекші компанияларымен «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жобасын жан-жақты талқылады. Олардың қатарында ондаған ірі корпорациялар бар. Бұл компаниялар көлік дәліздерін дамыту, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық көлік қатынасын кеңейту бағытындағы жобаларға қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар Қытайдың сәулет және құрылыс саласындағы компаниялары Түркістан облысында жоспарланған «Ирсу» және «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарын дамыту жобаларына қызығушылық танытты. Бұл бағытта жан-жақты келіссөздер жүргізілді. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда өңірдегі туристік инфрақұрылымның сапасы артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, шетелдік туристер ағынын көбейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Қытайға жасалған жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі 50-ден астам компанияның басшылары және инвесторларымен кездесіп, жалпы құны жүздеген миллион долларды құрайтын жобаларды талқылады. Кездесулер өңірге инвестиция тарту, өндірісті дамыту, жаңа технологияларды енгізу және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.
Түркістан облысы бүгінде Қазақстанның инвестиция тарту бойынша ең белсенді өңірлерінің бірі саналады. Қытайлық серіктестермен жүргізілген келіссөздер алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларға ұласып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде. Айта кетейік, «Хубэй» халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы – қытайлық және шетелдік бизнес арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған ұйым. Қауымдастық инвестициялық жобаларды қолдап, халықаралық нарықта кәсіпкерлерге көмек береді. Ухань қаласында Түркістан облысының өкілдігі, ал Түркістан қаласында қауымдастықтың өкілдігі ашылған.
Екі ел арасындағы қатынас өзара сенімге, теңдікке және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке негізделген. Бұл байланыс тек экономикамен шектелмей, өңірлік тұрақтылықтың маңызды тірегіне айналып отыр. Мемлекет басшылары арасындағы тұрақты диалог өңірлік тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл әріптестік «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында да жаңа серпін алды. Өңірлік әріптестікті нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.