Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Түркістан облысында ұлттық құндылықтар мен көне әдет-ғұрыптар ерекше сақталған. Өңірде сәбидің дүниеге келуінен бастап, үлкен той-жиындарға дейінгі дәстүрлер бесікке салу, тұсаукесер, беташар белсенді түрде жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа насихатталып келеді.
Түркістан облысына қарасты аудан ауылдарда дәстүрге ерекше мән беріп, жөн-жоралғыларды берік ұстанады. Мәселен, облысқа қарасты Отырар өңірінде ұмыт болған көне рәсімдерді қайта жаңғырту қолға алынған. Мысал ретінде танабау тағу рәсімі туралы айтуға болады.
Танабау тағуды - бала ержетіп, тірлікке жарап, үлкенге көмек берген сәттен бастайды. Яғни, ұл бала алғаш рет əкесіне, қыз бала шешесіне ілесіп, түрлі жұмысқа қолғабыс етіп жүргенін көрген жақындары, туған-туыстары мен көрші-қолаңдары «Ұл-қыздарың қолғабыс етуге жарапты, шаруа атқаруды сеніп тапсыра берсең болады екен» деп балаға түйме-тана, білезік тағып жібереді. Кейде оны көпшіліктің, бір ауылдың немесе туыстардың атынан біреу арнайы барып тағатын болған. Міне, бұл осындай дәстүр «танабау тағу» деп аталған.
Салт бойынша «танабау» тағылған баланың ата-анасы да өз кәдесін жасауы тиіс. Бұл дегеніміз, ата анасы міндетті түрде баласының танабау таққанын атап өтеді. Бұл қуаныш кейде тіпті кішірігім тойға да ұласқан. Ал танабау тағылмаған балалардың ата-анасы мен ата-әжелері туған-туысы мен көршілеріне «Немеремді, баламды көрмедің, елең қылмадың» деп өкпе-наз да айтатын болған. Сондайда ата-әженің, ата-ананың өкпе-ренішін тарқату үшін барлығы жиналып, «танабау тағу» шайын ұйымдастырып, баланың сыйлығы деп әртүрлі бағалы зат, кейде лақ пен қозы атаған. Баланың қолғабысқа жарап, «ересектер» қатарына қосылғанына құтты болсын айтып, ақ батасын берген. Бұл игі дәстүр адамдардың бір-бірімен қуаныш пен қайғыда бірге болуға, жүкті жұмыла көтеруге үгіттейді, ынтымақ пен бірлікті насихаттайды.
- Танабау тағуды бір жағынан дәстүр деп қарасақ, екінші жағынан тіл-көзден сақтану ғұрпы десек те болады. Өйткені, «тана» сөзінің екі ұғымы бар. Біріншісі – 2 жасқа толған бұзауды тана десе, екіншісі – мөлдір моншақтан, әдемі тастан жасалған түймені «тана» деп атаған. «Танабау» деген сөз осы екіншісінен, яғни, түйме тағудан шықса керек. Бұл дәстүр бүгінде түбегейлі жойылып кетті деуге де болмайтын секілді. Өйткені жөргектегі сәби мен есейіп келе жатқан бүлдіршінге түйреуішпен бірге көзмоншақ тағып қою әдеті әлі де бар, - дейді Шәуілдір ауылдық округіне қарасты Қызылту ауылының тұрғыны Жарылқасынқызы Гүлайна апа.
Танабау тағудың да тәрбиелік, рухани мәні бар. Жас балалар өздерін ерекшелеп жатқанға мейірленеді, шынымен, есейе бастадым деп әр іске көмектесуге құлшынады. Ал ата-әже, әке-шеше перзентінің көзге түсіп өсе бастағанына қуанып, шүкіршілік етеді. Қонақтар баланың кішкентай қуанышын көлемдендіріп көңілдері көтеріледі. Біреуден бір асаған несібе болмайды, есесіне, үлкендер бір дастарқаннан дәм татып, бастары бірігіп, ынтымақ-сыйластықтары нығая түседі екен» делінеді аталған еңбекте.
Қазақ халқы ұл мен қыздың тәрбиесін ерекше назарда ұстаған. Қыз балаға сырға тағу, киіміне тана қадау – оның әйелдік болмысының, инабаттылығының белгісі болса, ұл баланы сүндетке отырғызып, астына тай мінгізу – оның ер-азаматтыққа қадамының көрінісі. Сонымен қатар, тана сөзі мал шаруашылығында жас бұзаудың атауы ретінде де сақталған, бұл қазақтың дәстүрлі шаруашылығындағы маңызды түсініктердің бірі.
Аталмыш дәстүрді көпшілік барлық сән салтанатымен жасамаса да заман талабына сай өзінше ұстанатындар кездеседі. Мәселен, түйреуішпен бірге көзмоншақ тағынып жүретіндер әлі де көптеп кезлеседі. Адамдардың сенім нанымынан туған ырымдардың бірі деуге де болады. Десек те, баланың алғашқы еңбегін бағалау өмірдегі ең үлкен марапатты алғанмен бірдей. Танабау алған сәті баланың өмір бойы есінде сақталады десек артық айтқанымыз емес.