Ордабасыда 339 миллион теңгені құрайтын 40 жобаға қолдау көрсетілді. Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің аудандық бөлімі кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, бизнес-жобаларды сүйемелдеу және қаржыландыру көздеріне қол жеткізуге жәрдемдесу жұмыстарын тұрақты жүргізуде.
Орталық мамандары кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, жеңілдетілген несие мен гранттық қаржыландыру мүмкіндіктерін пайдалану бойынша кеңес беріп, жобаларды әзірлеу және іске асыру кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуде. Сонымен қатар бизнес-жоспар дайындау, қажетті құжаттарды рәсімдеу және қаржы ұйымдарына ұсыну бағытында қызметтер ұсынылуда. Жеңілдетілген несие мен грант алу үшін алдымен Business.enbek.kz немесе eGov порталдары арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқып сертификат алу, бизнес-жоспар дайындау қажет. Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар талаптарына сай кепілзат қою және өз үлесіңізді (кемінде 10%) көрсету маңызды.
Өз ісін бастаушыларға жеңілдетілген несие (мөлшері жыл сайын өзгереді). Оны мал, құрал-саймандар немесе шикізат алуға жұмсауға болады. Қайтарымсыз грант алып кәсібін бастап, оны өрбітіп отырғандар аз емес. Сонымен қатар, агробизнес пен ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған арнайы бағдарламалар бар. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жобаларды жылдық 2,5% - 6% аралығында несиелеу жүзеге асырылады. Қаладағы немесе өндірістегі бизнесті кеңейту үшін «Бірыңғай кешенді бағдарлама» арқылы несие сыйақысын субсидиялау (пайызын мемлекет төлеу) және кепілдендіру қызметтерін көрсетеді.
Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды қаржыландыру тәртібіне өзгерістер енгізіліп, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейту мен жаңғыртуға бағытталған жаңа кредиттеу қағидалары бекітілді
Тиісті өзгерістер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 15 маусымдағы бұйрығымен енгізілді. Құжатқа сәйкес, бюджеттік кредиттеу аясында жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен қайтарымды, мерзімді, ақылы және қамтамасыз етілген негізде қаражат бөлінеді. Кредит мерзімі 1% жылдық мөлшерлемемен 10 жылға дейін белгіленген. Қаржы агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды іске асыруға және кеңейтуге бағытталады. Атап айтқанда, сүт-тауар фермаларын, ет және жұмыртқа бағытындағы құс фабрикаларын, етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын, бордақылау алаңдарын, ет өңдеу өндірістерін, көкөніс және жеміс сақтау қоймаларын, жылыжай кешендерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу нысандарын салу, сондай-ақ акваөсіру мен қой шаруашылығын дамыту көзделген. Негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі 24 айға дейін, ал бюджеттік кредитті игеру мерзімі қаражат аударылған сәттен бастап 18 айға дейін белгіленді.
Сонымен қатар қолданыстағы бағдарламалар аясында қайтарылған қаражат есебінен кредиттерді кредиттік шарт мерзімінен аспайтын кезеңге беру мүмкіндігі енгізілді. Жаңа талаптарға сәйкес, кредит қаражатын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және айналым қаражатын, соның ішінде бордақылауға арналған мал алуға пайдалануға болмайды.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында бөлім тарапынан 152 кеңес беру қызметі көрсетіліп, 74 бизнес-жоспар әзірленді. Сондай-ақ жалпы құны 339 миллион теңгені құрайтын 40 кәсіпкерлік жобаға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге жер учаскелерін рәсімдеу, нысаналы мақсатын өзгерту, құрылыс салуға қатысты рұқсат құжаттарын алу, техникалық шарттарды рәсімдеу және инженерлік инфрақұрылым желілеріне қосылу мәселелері бойынша да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Алдағы уақытта да кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау және жаңа бизнес жобалардың жүзеге асуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.