ҰМЫТ БОЛА БАСТАҒАН САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІ БІЛЕСІЗ БЕ?

03.07.2026, 11:56
ҰМЫТ БОЛА БАСТАҒАН САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІ БІЛЕСІЗ БЕ?

Салт-дәстүрлер – қазақ халқы мәдениетінің терең тамыры мен рухани байлығының ажырамас бөлігі. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған бұл дәстүрлер ғасырлар бойы қалыптасып, қазақтың өмір салты мен дүниетанымының негізін қалаған. Олар халықтың тарихын, мәдениетін, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, рухани мұраны өшпес құндылық ретінде жеткізеді.

        Әрбір дәстүрдің өзіне тән мәні, мағынасы және рәсімдері бар, олар қазақтың күнделікті өмірінің, отбасылық қатынастардың, әлеуметтік құрылымның маңызды аспектілерін қамтиды. Салт-дәстүрлер арқылы қазақ халқы өзінің тарихи тәжірибесін, моральдық нормаларын, адамгершілік құндылықтарын жас ұрпақтарға жеткізеді.

        Қазіргі заманның өзгерістеріне қарамастан, көптеген дәстүрлер бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Олар қоғамның рухани негіздерін сақтап, ұлттық бірлікті, мәдени сәйкестікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді қайта жаңғырту арқылы қазақ халқы өзінің мәдени мұрасын сақтап, ұрпақтарға аманат етеді.

        Жиенқұйрық – қазақтың әдет-ғұрпында жиенге арналып өткізілетін ерекше дәстүр. Қазақтарда нағашы мен жиеннің қарым-қатынасы ерекше құрметке ие болған. Жиен нағашыларына алғаш рет арнайы барып, қонақ болғанда, оған «жиенқұйрық» деген арнайы қонақасы берілген. Бұл дәстүрде жиенге сый-құрмет көрсетіліп, оған қой сойылып, құйрық май мен сыйлықтар берілген. Дәстүр атауының өзі жиенге арнайы сойылған қойдың құйрық майын беру рәсімімен байланысты.

        Қазіргі қазақ қоғамында жиен мен нағашы арасындағы байланыс бұрынғыдай терең салттарға негізделмегенімен, туыстық қарым-қатынас әлі де сақталған. Жиенқұйрық дәстүрі ұмытылғанымен, оның маңыздылығы қазақ халқының ұрпақ жалғастығы мен туысқандық қатынастардың символы ретінде тарихта қалған.

       Тағы бір ұмыт бола бастаған дәстүр ол  қой басты дәстүрі. Бұл қазақ халқының қонақ күту мәдениетінің бір бөлігі болған дәстүр деуге де болады. Қой сойылып, оның басы аса құрметті қонаққа ұсынылған. Бұл дәстүрдің тамыры тереңде, әрі оның өзіндік ережелері мен мән-мағынасы бар. Қойдың басын беру – үй иесінің қонаққа деген ерекше құрметін, мәртебесін көрсеткен. Бұл дәстүр қазақтың ұмыт қалған салттарының бірі болып табылады. Бұл дәстүр негізінен мал союмен және қойдың басын тарту рәсімімен байланысты, алайда қазіргі заманда ол сирек орындалып немесе кейбір өңірлерде толықтай ұмытылған. Десек те Оңтүстік өлкеде әлі де бұл дәстүрді ұстанатындар баршылық.

       Көпшіліктің есінен шыға бастаған тағы бір салт туралы айтар болсақ, ол әрине көтендестіру салты. Көтендестіру – екі жақтың арасындағы кикілжіңді немесе дау-дамайды бейбіт жолмен шешу үшін қолданылған салт. Бұл дәстүрде дауласқан тараптар бір-бірінің артынан сүйісіп (көтеннің ұшын тигізу арқылы) татуласқан. Бұл ерекше рәсім – татулық пен келісімге келудің белгісі болып есептелген. Оның мақсаты дауды шешіп, жаулықты бейбіт жолмен тоқтату болған. Көтендестіру салты бүгінде сақталмаған. Оның басты себебі – заманауи өмір сүру салты мен жаңа әлеуметтік құндылықтар. Бейбітшілікке келудің басқа жолдары қазіргі қоғамда кеңінен қолданылғандықтан, бұл салт өзінің маңыздылығын жоғалтып, тек тарихтың бір бөлшегіне айналып барады десек артық айтқанымыз емес.

          Балдыз қалың – қайтыс болған әйелінің сіңлісін, яғни балдызын, сол отбасының күйеуіне қосу үшін берілетін қалыңмал. Бұл салттың негізі отбасылық қарым-қатынасты үзбеу және балаларды жетім етпеу мақсатынан туған. Балдыз қалың салты арқылы жесір қалған ер адам қайтыс болған әйелінің сіңлісіне үйленуге құқығы бар болған. Осы арқылы отбасылар арасындағы туыстық байланыс сақталып, балалардың туған әулетінен кетпей, сол отбасында тәрбиеленуі қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта жесір қалған адамға немесе балдызды алуға қатысты мұндай рәсімдер орындалмайды, себебі жаңа заңдар мен моральдық нормалар бұл салтты қолдамайды. Дегенмен, бұл дәстүр қазақ халқының бұрынғы өмірінде отбасы бірлігі мен әлеуметтік қатынастардың ерекше мәнге ие болғанын көрсетеді. Балдыз қалың салтының жойылуы қазақ қоғамының заманауи талаптарға бейімделуі мен жаңа әлеуметтік нормаларға көшуінің нәтижесі деп айтуға болады.