Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі жұмыспен қамту жоспарының орындалу барысын пысықтап, берілген тапсырмалардың жағдайын тексерді.
Өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес, 6 айда 46 779 жұмыс орны ашылуы тиіс. Басқарманың ұсынған есебінде, қазіргі таңда нақты 43 673 жұмыс орны құрылғаны айтылды. Бұл бағытта Сарыағаш, Отырар, Төлеби және Шардара аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпеді. Бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасқандардың үлесі Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласында төмен.
Ұлттық жобалар және басқа да мемлекеттік тұжырымдамалар аясында жұмысқа орналастыру бойынша 6 айда 151 жобаға 917 азаматты жолдау көзделген болса, бүгінде 183 жобада 1666 жұмыс орны қалыптасып отыр. Еңбек шарттарын тіркеу Сауран ауданында толық аяқталған. Бәйдібек, Келес, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс, Кентау қалаларының жауаптыларына бұл бағыттағы жұмысты ширату қажеттігі ескертілді. Аудан-қала әкім орынбасарларына өз аймақтарында жұмыспен қамту және еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз ету үшін тиісті тапсырмалар берілді.
– Орындалмау қаупі бар бағыттар бойынша шарасыздық танытпай, шығатын жол іздеу керек. Жоспардың орындалуы шарт, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Облыс әкімі орынбасарының тапсырмасына сәйкес, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан аудан-қалалардағы Мансап орталықтарының қызметі зерделенді. Сондай-ақ, 6 айға бекітілген меже де Мансап орталығы басшылары үшін сын сағаты болғалы тұр. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР «Әлеуметтік Кодекс» өз күшіне еніп, елімізде Еңбек мобильділігі орталықтары құрылып, халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап орталықтары» филиал ретінде қайта қызметін бастағанын естеріңізге сала кетсек. Аталған орталықтардың қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығы мен біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту семинарларын ұйымдастырып, халыққа қызмет ететін мемлекеттік мекемелерді заман талабына сай жабдықталған.
Бүгінгі таңда жастарды нәтижелі жұмыспен қамту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Осыған сәйкес, елімізде "Жастар практикасы", "Алғашқы жұмыс орны" сияқты жобалар белсенді жүзеге асырылып, жергілікті Мансап орталықтары арқылы үйлестірілуде. "Жастар практикасы" – оқу орнын бітірген, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған. Бұл бағдарлама түлектерге мамандығына сәйкес алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Жұмыс мерзімі – 6 ай. "Алғашқы жұмыс орны" – еңбек өтілі жоқ жастарды кемінде 12 ай тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейді. Жоба жұмысқа жаңа орналасқан жастарға тәжірибе жинақтап, әрі қарай тұрақты еңбек нарығына бейімделуге көмектеседі. Мансап орталығы – жұмыс іздеуші жастарға кеңес беру, бос жұмыс орындарын ұсыну, қайта даярлау курстарына бағыттау, кәсіби бағдар беру қызметтерін кешенді түрде көрсетеді. Бұл орталық – жастар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді байланыстырушы алаң. 2025 жылға арналған жоспар аясында Мансап орталығы арқылы аталған жобалар бойынша жастарды қамту деңгейі арттырылып, өңірдегі жұмыссыздық көрсеткішін төмендетуге нақты қадамдар жасалуда. ансап орталығы – жастардың еңбекке араласуын қамтамасыз ететін, кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жұмыс іздеп жүрген немесе мамандығы бойынша тәжірибе жинағысы келетін жастар үшін Мансап орталығы – сенімді қолдау нүктесі.