Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен білім беру нысандарының құрылысы, мектептерді жаңғырту, жазғы жөндеу жұмыстары және саладағы өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өтті. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі мектептердің жай-күйі, реновация бағдарламасының орындалуы, жөндеу жұмыстарының барысы және алдағы міндеттер туралы баяндама жасады.
Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында Түркістан облысында 115 мектепті жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы – 36 мектеп қамтылады. 2025 жылы жөндеуі жоспарланған 41 мектептің 26-сында жұмыстар толық аяқталған. Қалған 15 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда және оларды 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген. Қазіргі таңда аталған нысандарда ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары толық бітіп, сыртқы жөндеу мен абаттандыру жұмыстарының орындалуы орта есеппен 50-60 пайызға жеткен.
Биыл реновация бағдарламасы бойынша 38 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 32 мектеп ағымдағы, 6 мектеп күрделі жөндеумен қамтылады. Сонымен қатар өңірде 125 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Оның 60 мектебінде жұмыстар толық аяқталса, қалған нысандарда жөндеу қарқынды жалғасып жатыр.
Жазғы демалыс кезеңіндегі барлық жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Мәжілісте білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мен инженерлік инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де қаралды. Биыл 110 білім беру нысанын табиғи газға қосу қажеттігі айтылды. Оның ішінде 82 мектеп, 26 балабақша және 2 қосымша білім беру ұйымы бар. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын, мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім нысандарының толық дайын болуын қамтамасыз ету, реновация аясындағы жұмыстарды сапалы орындау, балалардың қауіпсіздігі мен қолайлы білім алу ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Сондай-ақ облыс әкімі әрбір бюджет қаражатының тиімді игерілуін, құрылыс пен жөндеу барысында сапа талаптарының қатаң сақталуын және анықталған кемшіліктердің уақтылы жойылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өңір басшысы құрылысты сапасыз жүргізген мердігерлерді заң шеңберінде жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты. Құрылысы жүрген және жүріп жатқан барлық білім нысаны тұрақты бақылауға алынып, мониторинг жүреді.
Алдағы үш жыл ішінде Қазақстанда 1300-ге жуық мектеп реновацияланады, оның жартысынан көбі (54%) ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағанын естеріңізге сала кетейік. Жоба қазіргі заманғы білім беру стандарттарына сәйкес келетін тоғыз негізгі бағыт бойынша іске асырылуда. Реновациядан өткізу мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, рекреациялық аймақтар мен қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай-ақ жаңа қауіпсіздік жүйелерін енгізу көзделген.
Жұмыстар аясында шатырды ауыстыру, қасбеттер мен терезелерді жаңарту, инженерлік коммуникацияларды — жылыту, сумен электрмен жабдықтау, кәріз бен желдету жүйелерін күрделі жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ мектеп аумақтарын көркейту және көгалдандыру жүргізіледі.
Жоба үш жылға есептелген: 2025 жылы 262 мектеп жаңартылады, 2026 жылы – 436, 2027 жылы – 466. Мемлекет жыл сайын мектеп инфрақұрылымын жақсартуға қаражат бөледі. Еліміз бойынша 2025 жылы жаңарту 262 мектепті қамтылған болса, оның 141-і ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңартылған ғимараттарда 200 мыңға жуық оқушы білім алады.