ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: БАҚ ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖАРЫС ӨТТІ

07.07.2026, 21:03
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: БАҚ ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖАРЫС ӨТТІ

       Қазақтың ұлттық спорт түрлері – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасы, күш-жігері мен ой ұшқырлығының көрінісі. Елімізде бұл сала мемлекет тарапынан кеңінен қолдау тауып, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы сияқты арнайы мекемелер арқылы дамып келеді. Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» БАҚ өкілдері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті.

      28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері ұлттық спорт ойындарынан өзара бақ сынады.

        Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өткен тағылымды іс-шара ұлттық мұраны ұлықтап қана қоймай, ақпарат саласы өкілдерінің ынтымағы мен достығын нығайтқан ерекше кездесуге айналды. Іс-шара барысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

       Журналистер мен блогерлер қазақтың төл ойындары – асық ату мен тоғызқұмалақтан сынға түсіп, мергендік пен ептілікті, зеректік пен логикалық ойлау қабілетін көрсетті. Әр сайыс тартысқа толы болып, қатысушылардың спорттық рухы мен достық қарым-қатынасы ерекше сезілді.

          Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы. Осындай игі бастамалар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ортақ мақсатқа біріктіріп, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға, салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттауға жол ашады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.

         Ұлттық спортымыз шартты түрде бірнеше топқа бөлінеді:

  • Ат спорты: Бәйге (ат жарысы), көкпар, аударыспақ (ат үстіндегі күрес), теңге ілу және қыз-қуу. Бұл ойындар адам мен аттың байланысын нығайтып, ептілікті қажет етеді.
  • Зияткерлік ойындар: Тоғызқұмалақ және асық ату. Бұл ойындар стратегия құруға, логика мен есептеу қабілетін дамытуға үлкен септігін тигізеді.
  • Жекпе-жек: Қазақ күресі. Бүгінде бұл спорт түрі әлемдік деңгейде танымал болып, халықаралық ареналарда жарыстар өткізіледі.

      Қазақстанда ұлттық спорт түрлері жастарды салауатты өмір салтына баулумен қатар, ұлттық рухты жаңғыртуға қызмет етеді. Спортшыларымыз әлем, Азия чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде үнемі жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Соңғы жылдары ұлттық спортқа деген қызығушылық артып, оның ғылыми және білім беру базасы қалыптасуда. Мәселен, елордада спорт ғылымы мен жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған Қазақ ұлттық спорт университеті ашылды. Бұл қадам төл спортымыздың әлеуетін арттырып, жаттықтырушылардың жаңа буынын қалыптастыруға жол ашады.

         Қазақстанның әр өңірінде ұлттық спорт түрлерінен секциялар мен клубтар жұмыс істейді, олар арқылы балалар мен жасөспірімдер өздеріне ұнайтын спорт түрімен кәсіби түрде айналыса алады.