Түркістан облысында өзіндік кірістер мен түсім көлемі артты.
Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысымен өзіндік кірістердің жоспары 109%-ға немесе 25,6 млрд теңгеге артығымен орындалды. Жоспар 275,2 млрд теңге болса, нақты түсім 301 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша жоспар 107% немесе 16,8 млрд теңгеге артық орындалып отыр. Жоспар 230,3 млрд теңге болса, нақты түсім – 247,1 млрд теңге. Бюджеттің атқарылуы мен осы саладағы өзекті мәселелер мен жоспарлар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиналыста талқыланды. Өңір басшысы облыстың негізгі бағыттары – инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын көбейту арқылы өзіндік кірісті арттыру екенін жеткізді.
– 2025 жыл қорытындысымен өзіндік кірістер мен салықтардың жоспары орындалғанымен, кейбір аудандар орындамай отыр. Корпоративтік табыс салығы түсімдері бойынша да мәселелер бар. Назарға алыңыздар. Бюджет кірістерінің әрбір көзін сапалы орындауды, бюджет қаражатын мерзімінде әрі сапалы игеруді тапсырамын. Өзіндік кіріс көздерін ұлғайту керек. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейту бағытындағы жұмысты ширата түскен жөн, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың айтуынша, өзіндік кірістердің өсу қарқыны 119% немесе түсімдер 48 млрд теңгеге артығымен қамтамасыз етілді (2024 жылы – 253,1 млрд теңге, 2025 жылы – 301 млрд теңге). Облыстық бюджеттің орындалуына келетін болсақ, жоспар 109% немесе 11,3 млрд теңгеге артығымен орындалды. Жоспар 129,6 млрд теңге деп бекітілсе, нақты түсім 140,8 млрд теңгеге жетті. Облыстық бюджеттің түсімдері 24% немесе 27 млрд теңгеге артып, 140,8 млрд теңгеге жетіп отыр. 2025 жыл қорытындысымен 5 454 корпоративтік табыс салығының төлеушілері есебінен түсімдер 18 млрд теңгеге артып, 47,5 млрд теңгеге жеткен.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылы 526,3 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 15,5 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2025 жылы 45,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,3 пайызға артқан. Шаһарда жаңа нысандар салынып, туристік, өндірістік әлеует көтеріліп келеді.
Айта кетейік, Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,1 трлн теңгесі — жеке инвестиция. Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде мақта өңдеу, алюминий бұйымдары, тұрғын үйлерге арналған газ қазандықтары және сусын шығаратын зауыттар, уран және әк өңдеу кешендері ашылды. Мемлекеттік бюджетке салық түсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 234 млрд.теңгеге өсіп, алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті.
Түркістан облысында кіріс көздерін ұлғайтуға айарлықтай күш салынып келеді. Бюджетке 120,8 млрд. теңге көлемінде салықтар мен түсімдер түсіп, жоспар 111,1%-ға орындалды. Кіріс көлемін көбейту, қаржы саласындағы жұмыстарды күшейту, «көлеңкелі экономиканың» жолын кесу бағытында міндеттер қойылды. Аудан, қала әкімдері, қаржы, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласына жауапты басқарма басшылары Мемлекеттік кірістер департаментімен осы бағытта жұмысты жандандырулары тиіс.