Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тату көршілік пен стратегиялық әріптестік бүгінде мемлекетаралық деңгейден өңіраралық ынтымақтастыққа ұласып, нақты экономикалық жобалар арқылы нығайып келеді. Соңғы жылдары екі елдің шекаралас өңірлері арасындағы байланыс жанданып, сауда, инвестиция, өндіріс және гуманитарлық саладағы қарым-қатынас жаңа қарқын алды. Осы үрдістің заңды жалғасы ретінде Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, оның аясында маңызды құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан–Өзбекстан бизнес-форумында жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Ақтауда өткен «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» бизнес-форумында Түркістан облысы үшін маңызды келісімдер жасалды.
Іс-шара екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланысты нығайтудың тиімді алаңына айналды. B2B форматындағы кездесулер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өзара тауар айналымын ұлғайту мәселелерін талқылады.
Форум барысында Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасының бизнес өкілдері жалпы құны 66 млн АҚШ долларын құрайтын бес ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Атап айтқанда, 47 млн АҚШ доллары көлемінде металл өңдеу зауытын салу жобасы жүзеге асырылады. Кәсіпорында профлист, металл құбырлары, сэндвич-панельдер және жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар (LSTK) өндіріледі. Сонымен қатар 2 млн АҚШ доллары көлемінде күнбағыс майын өндіретін зауыт салу, 5 млн АҚШ доллары көлеміндегі жоба аясында жүгеріні терең өңдеу өнімдерін экспорттау, 12 млн АҚШ доллары көлемінде ет өңдеу кешенінің өнімдерін сыртқы нарыққа шығару және тағы 12 млн АҚШ доллары көлемінде тұқы (карп) өсіруге арналған заманауи балық шаруашылығы кешенін құру көзделген.
Форум аясында сауда және экспорттық кооперация, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, сондай-ақ су қауіпсіздігі мен экологиялық ынтымақтастық мәселелері бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылып, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері өзара тәжірибе алмасты.
Өзбекстан Республикасы – Түркістан облысының негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Қол қойылған меморандумдар өңірге инвестиция тартуға, жаңа өндірістерді іске қосуға, экспорттық әлеуетті арттыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға тың серпін береді.
Бүгінде Өзбекстан Түркістан облысының негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі саналады. Өңірден көрші елге ауыл шаруашылығы өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс, ет және өңделген азық-түлік өнімдері экспортталса, Өзбекстаннан өндірістік жабдықтар, құрылыс материалдары, тоқыма өнімдері мен түрлі өнеркәсіптік тауарлар жеткізіледі.
Өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығы. Екі облыстың табиғи-климаттық жағдайының ұқсастығы, аграрлық сектордағы тәжірибесі мен ғылыми әлеуеті жаңа технологияларды енгізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары су үнемдеу технологияларын енгізу, жылыжай шаруашылығын дамыту, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында тәжірибе алмасу тұрақты сипат алған.
Түркістан облысында жүргізіліп жатқан инвестициялық саясаттың нәтижесінде өңір бүгінде Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналды. Соңғы жылдары облысқа триллиондаған теңге инвестиция тартылып, жаңа индустриялық аймақтар құрылды, өндірістік парктер ашылды, ондаған жаңа кәсіпорын іске қосылды. Металл өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, ет өндірісі, жылыжай кешендері, құрылыс индустриясы және логистика бағытындағы жобалар өңір экономикасының жаңа тірегіне айналып келеді.