2026 жылы Түркістан облысында 45 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 8 нысан ел игілігіне тапсырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел аумағында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын қарқынды жүргізу жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы жобалардың жүзеге асырылу барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.
Биыл Түркістан облысында құрылыс басқармасы арқылы жалпы 45 әлеуметтік нысанның құрылысына 31,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 19 нысанға құрылыс басқармасы, 23 нысанға аудан, қала әкімдіктері, 3 нысанға қорлар тапсырысшы болып отыр. Жыл қорытындысында 32 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, ал 13 нысан келесі жылға өтпелі. Бүгінде 8 нысан ел игілігіне тапсырылды.
Облыста білім беру саласында 16 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 8 мектептің құрылысына қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда екі мектеп пайдалануға беріліп, қалған алты мектепті жаңа оқу жылы қарсаңында аяқтау көзделген.Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 4 жаңа буын өкілдерін дамыту орталығы бой көтеруде.
Түркістан өңірі соңғы жылдары тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік-медициналық салада да айтарлықтай өзгерістер мен жаңашылдықтарға куә болуда. Ана мен бала денсаулығын қамтамасыз ету — өңір басшылығының басты назарында. Денсаулық сақтау саласында 4 нысанның құрылысы қолға алынған. Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының қолдауымен салынып жатқан 80 орындық перзентхананың құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 70 пайызға жетіп, медициналық құрал-жабдықтар толық сатып алынған. Нысанды тамыз айында аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге, 60 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталып, жақын арада пайдалануға беріледі. Сарыағашта 300 орындық көпбейінді кешен, Ордабасыда 200 орындық перинаталдық орталық салу жобасы әзірленді. Ордабасы, Жетісай, Сарыағаш аудандарындағы орталық ауруханалар 4,1 млрд теңгеге жөнделді. Сайрам аудандық ауруханасында 3,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу басталды. Енді ауданаралық ауруханалар МРТ, КТ, ангиограф сынды ауыр медициналық техникамен қамтылады.
Халық саны мен қажеттіліктің өсуіне байланысты, жедел жәрдем қызметіне деген сұраныс жыл санап артып келеді. Егер 2023 жылдың 8 айында жедел жәрдемге 512 мың шақырту тіркелсе, 2024 жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 635 мыңға жеткен. Яғни, 123 мың шақыртуға артқан. Осыны ескерген өңір басшылығы 2023 жылы да 88 санитарлық автокөлік сатып алған болатын. Бұған қоса, 2 реанимобиль нәрестелерге арналған арнайы көлік ретінде сатып алынды.
Мәдениет саласында 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 5 нысан пайдалануға берілді, қалған мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында 10 нысанға 3,4 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде Сауран ауданындағы спорт кешені пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы бес спорт нысаны ел игілігіне тапсырылмақ. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржыландыруымен салынған ангар үлгісіндегі екі спорт залдың бірі пайдалануға беріліп, екіншісі тамыз айында ашылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне әлеуметтік нысандардың құрылысын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, қаржының тиімді игерілуін және өндірістік кестеден кешіккен нысандар бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.