ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

19.08.2026, 01:19
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

      Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ірі екі мемлекет, оларды тығыз экономикалық, саяси және мәдени байланыстар біріктіреді. 2300 шақырымнан асатын бұл шекара екі ел арасындағы сауда мен азаматтардың еркін қозғалысында маңызды рөл атқарады. 2025 жылы қазақ-өзбек шекара бекеттерінің жұмысында өткізу қабілетін арттыру және шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету мақсатында айтарлықтай өзгерістер орын алды.

        Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ең ірі шекара өткелдерінің бірі — «Жібек жолы» бекеті 2025 жылдың ақпан айынан бері жабық тұр. Түркістан облысының әкімі мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы «Жібек жолы» кеден бекетінің құрылыс барысымен танысты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, қайта жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» кеден бекетінің құрылыс барысымен танысты. Нысанды аралап, құрылыс сапасы мен қарқынына қатысты нақты тапсырмалар берді.

        Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті. Бас мердігер – «Ontustik Constraction» ЖШС, мердігер ұйым – BI Group. Жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын кеден бекеті пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы барыс-келіс арта түседі. Алты жолақты бекет тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлікті және 200 автобусты өткізе алады. Қайта салынған бекеттің ғимараттары бұрынғыдан екі есеге жуық ұлғайтылды. Соның арқасында шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдеу жұмыстары жеңілдеп, жолаушыларды өткізу жылдамдығы артады.

         Заманауи кеден бекеті халықаралық талаптарға сай жұмыс істеп, азаматтарға қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетеді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамырында басталды. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым толық аяқталып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.

             Қос ел арасындағы «Жібек жолы» бекеті ағымдағы жылдың күзінде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі осыған орай «Қапланбек» өткізу пункті жаяу жүргіншілер, жеңіл автокөлік және автобустарды өткізу үшін ашылатынын мәлімдеген болатын. Бүгінгі таңда жаяу жүргіншілер, жеңіл автокөліктер және автобус көліктері «Қапланбек» бекеті арқылы қатынап жатыр.

       2025 жылдан бастап шекараны жылдам өту үшін Fast Track қызметі енгізілді. Бұл жүйе жолаушыларға қосымша төлем жасау арқылы (базалық есептік көрсеткіштің 15%-ы – шамамен 56 250 сум немесе 2 345 теңге) негізгі кезектен тыс арнайы залдарда бақылаудан өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, автокөліктер үшін шекарадан өту уақытын алдын ала брондау жүйесі іске қосылды. Бұл шекара бекеттеріндегі жүктемені азайтып, халықаралық сапарларды жоспарлауды жеңілдетіп, ұзын-сонар кезектерді қысқартуға көмектеседі.

        Алдағы жылдары шекара бекеттерінің жұмысын жақсартуға бағытталған қосымша бастамалар қолға алынбақ. Биометриялық бақылауға көшу – чипі бар паспорттар мен бет-әлпетті тану жүйесін пайдалану арқылы рәсімдеуді жеделдету. Сонымен қатар, «Жасыл дәліздер» жүйесін дамыту – алдын ала электронды декларациясы бар сенімді жүк тасымалдаушыларға арналған жедел өткізу аймақтарын құру. Жаңа шекара бекеттерін ашу – негізгі жолдардың жүктемесін азайту мақсатында қосымша өткізу бекеттерін ашу мәселесі қарастырылуда.

         Қорытындылай келе, былтыр жүзеге асырылған өзгерістер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарадан өтуді айтарлықтай жеңілдетуге бағытталған. Жаңғыртылған бекеттердің ашылуы, цифрлық шешімдерді енгізу және шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту сауда ағындарының артуына және азаматтардың қозғалысын жеңілдетуге ықпал етеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл бастамалар екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, олардың халықаралық көлік дәліздеріне интеграциялануын жеделдетеді.