Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы менхалықтың әл-ауқатын арттыруда отандық өнімөндірудің маңызы ерекше. Бүгінгі жаһанданузаманында өзіміздің ұлттық өндірісті қолдау – елтәуелсіздігінің басты кепілі болып табылады.
Түркістан облысындағы шағын өндірістік парк заманауи жобалармен толығып жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданында орналасқан шағын өндірістік парктің аумағын аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйімен танысты. Облыс басшысы өндірістік нысандардың құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынына назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек» дей келе маңызды міндеттер жүктеді. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын ашудың маңызы зор. Біз инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жұмыс орындарын көбейтуді жалғастыра береміз. Облыстағы шағын өндірістік парктердің жұмысы қадағалауда тұр. Өндірістік парктегі жобалар уақтылы жүзеге асырылуы керек. Отандық өндірушілерді қолдау —экономикалық тұрақтылықтың кілті. Біз бүгінде импорттайтын тауарларды шығаруды жолға қойып, бюджеттік жобалардағы қазақстандық тауарлардың үлесін арттыруымыз қажет. Ел ішінде мүмкіндігінше көп өнім өндіруге ұмтылуымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Өндірістік парк аумағында ауыл шаруашылығы машиналары (тракторлар) мен аспалы жабдықтарды өндіру жобасы іске асырылуда. Аталған жобаның жалпы құны – 2,1 млрд теңге. Жоба 3,9 гектар аумақта орналасқан, өндірістік нысанның жалпы аумағы 7939,4 шаршы метрді құрайды. Құрылыс пен іске асыру жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған. Өңір басшысы осы жоба аясында өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне баса мән беру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Нұралхан Көшеров өндірістік парк аумағындағы өзге де жобаларды қарап шықты. Парктің кеңсе ғимаратының құрылысына ерекше назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Өндірістік парктің толық іске қосылуы өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың әртараптануына серпін бермек.
Айта кетейік, Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылып, ғимараттар салу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Негізгі бағыттар ретінде: құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылып үлгерген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика өсімінің негізі ретінде отандық өндірісті дамытудың маңыздылығына айрықша мән беріп келеді. Осы орайда Үкімет отандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың өндірістік жүктемесін арттыруға бағытталған елшілік құндылықтарды дамыту тетіктерін іске қосып жатыр.
Айта кетейік, еліміз бойынша биыл шамамен 1,5 триллион теңгенің 190 индустриялық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл 22,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Басымдық берілетін салалар — металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын салалар. Өнеркәсіп саласындағы бизнесті ынталандыру үшін мемлекет 800 миллиард теңге бөлуді қарастырды, оның ішіне өнеркәсіп алаңдарын құру жобаларына жеңілдетілген қаржы бөлу де кіреді.