Қазақ халқында отбасы – ұлттық мәдениеттің, рухани тұрақтылықтың және әлеуметтік бірліктің басты тірегі. Әсіресе Түркістан облысы секілді тарихы терең, дәстүрге бай өңірде отбасы институты ерекше мәнге ие. Бұл аймақ ежелден қазақ халқының рухани орталығы саналып, ұлттық салт-дәстүрдің сақталуы мен жас ұрпаққа жеткізілуінде алдыңғы қатарда келеді. Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған деректерге сүйенсек, өңірде отбасылық құндылықтарды сақтау, нығайту, жастар арасында насихаттау бағытында мемлекеттік бағдарламалар, қоғамдық бастамалар және үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Заманауи қоғамдағы жаһандану процесі, урбанизация, ақпараттық технологиялардың дамуы Түркістан облысындағы отбасы құрылымына да өзгеріс әкелуде. Қала халқының көбеюі, жастардың еңбек миграциясы, шетелдік мәдениет ықпалы отбасылық құндылықтарға да әсер етпей қоймайды.
Түркістан облысында отбасы институтын қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. «Әлеуметтік кодекс», «Балалы отбасыларды қолдау» жобалары аясында аймақтағы көпбалалы және аз қамтылған жанұяларға әлеуметтік жәрдемақылар төленуде.
2024 жылы облыс бойынша 200 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілгені туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы хабарлады. Әсіресе көпбалалы аналарға тұрғын үй беру, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, балаларға тегін қосымша білім беру жобалары іске асырылып жатыр.
Сонымен бірге, Түркістан облысының мектептерінде «Отбасылық тәрбие» факультативтері енгізіліп, оқушыларға ұлттық салт-дәстүр негізінде тәлім-тәрбие беру қолға алынған. Мәселен, былтыр Түркістан қаласында «Отбасы құндылықтары – ұлт болашағы» атты республикалық форум өтті. Онда қоғам қайраткерлері, педагогтар мен психологтар қазіргі отбасының рөлін талқылап, жастардың некеге көзқарасы, ажырасу деңгейі мен бала тәрбиесі туралы мәселелерді көтерді. Одан бөлек облысқа қарасты аудандарда көптеген ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жастарға үлгі боларлық шаралар кеңінен ұйымдастырылып, көпшілік арасында қолдау тауып келеді. Сөзімізге дәйек ретінде Шардара ауданында «Әке мектебі» атты жаңа жоба іске қосылғанын айта кеткен жөн. Бұл бастама әкелердің бала тәрбиесіне белсене араласуын арттыруға бағытталған. Жоба аясында спорттық жарыстар, әке мен бала арасындағы бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Созақ ауданында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылып, онда көпбалалы аналарға кәсіпкерлік негіздері үйретілуде. Мұндай шаралар отбасылардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді. Ал, Ордабасы ауданында мектеп оқушылары арасында «Отбасы – алтын қазынам» атты шығармашылық байқау ұйымдастырылып, жасөспірімдер өз шығармаларында отбасының маңызын дәріптеді.
Түркістан – Қазақстанның рухани орталығы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, тарихи мешіттер мен медреселер отбасы құндылықтарын дәріптеуде маңызды орын алады. Діни басқарманың жергілікті өкілдіктері жастарға арналған дәрістер өткізіп, отбасы құндылықтарын ислам діні тұрғысынан түсіндіруде. Өңірдегі отбасылық құндылықтар – ұлттық болмыстың, мәдени мұраның, рухани дамудың өзегі. Қазіргі заманның әсеріне қарамастан, өңір халқы отбасының мәнін жоймай, керісінше жаңа дәуірге бейімдеуде. Мемлекеттік бағдарламалар, қоғамдық бастамалар мен білім беру жүйесі арқылы отбасы институты нығайып келеді.
Отбасы құндылықтарын дәріптейтін маңызды әрі мағыналы шаралардың бірі ол әрине «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы 10 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығы белгілі. Себебі қазақ халқы үшін отбасы деген қасиетті ұғым, қастерлі құндылық.