Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 52 отбасы баспаналы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындарды баспанамен қамту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қадағалауымен аймақта тұрғын үй құрылысы саласы қарұынды дамуда. Осы ретте, Қазақстан Республиасы Үкіметінің №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси елді мекенінде салынған 100 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Бүгін алғашқы лекпен аталған тұрғын үйдің 52-і «Отбасы банк» АҚ арқылы баспана кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға табысталды.
Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы тұрғын үйдің әрбір отбасы үшін маңыздылығына тоқталып, бұл күннің көптеген азаматтардың өміріндегі ерекше сәт екенін атап өтті.
Жаңа тұрғын үйлер тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне қажетті барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, үйлерге табиғи газ, электр энергиясы, ауыз су және кәріз жүйесі толық жүргізілген. Сонымен қатар тұрғын үй аумағын абаттандыру, асфальт-бетон жабындысын төсеу, кірме жолдарды ретке келтіру жұмыстары да толық аяқталған.
Әрбір тұрғын үйдің жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайды. Пәтерлерде кіреберіс бөлме, үш тұрғын бөлме, ас үй және санитарлық торап қарастырылған. Сондай-ақ әр үйге 7 сотық жер телімі берілген. Бұл тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылық жүргізуіне, бау-бақша өсіріп, тұрмысын жақсартуына қосымша мүмкіндік береді. Жаңа баспананың кілтіне ие болған отбасылар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен армандарының орындалғаны үшін облыс, аудан әкіміне ерекше алғыстарын жаудырды. Бұл бастама өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетті.
Айта кетейік, «Жаңажол ауылдық округінің әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі Ақжол елді мекенінен дәл осы жаңа тұрғын үйлер орналасқан Фирдауси елді мекеніне көшіп, ауыл әкімшілігінің ұжымы да жаңа ғимаратқа қоныстанды. Сонымен қатар мұнда алдағы уақытта спорт, ойын алаңшалары мен мәдениет үйін салу жоспарланып отыр.
Президенттің сайлауалды бағдарламасының бөлігі ретінде 2029 жылға қарай 111 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл 1 миллионнан астам азаматты жеке тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 7,3 миллион шаршы метрге артық.
Сонымен бірге, тұрғын үй секторында халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін тұрғын үй және кезекте тұрғандарға несиелік тұрғын үй беру секілді қолдау шаралары жүргізіліп келеді. Әлеуметтік жағынан осал топтарға жалдамалы баспана беру мақсатында 2025 жылдың алғашқы 11 айының соңына дейін 7,2 мың пәтер сатып алынды.
Жаңа заңнамалық түзетулер аясында тұрғын үйге мұқтаж адамдарды тіркеу мен жалға берілетін тұрғын үйді тарату міндеті әкімдіктерден Отбасы банкіне берілгенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта 965 мыңнан астам азамат тіркелген, оның ішінде шамамен 600 мыңы әлеуметтік жағынан осал топқа жатады. Биыл азаматтарға шамамен 7,3 мың жалға берілетін пәтер және 10 мыңнан астам субсидияланған ипотекалық несие берілді.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір шарасы — тұрғын үй жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау және тұрғын үй сертификаттарын беру. 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңына қарай 11 мыңнан астам азамат осы субсидиялардан пайда көрді, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 11 айдың қорытындысы бойынша 1400-ден астам азамат алғашқы жарналарын жабу үшін жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге тұрғын үй сертификаттарын алған.
.