Түркістан облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттар берілуде. 2026 жылы Түркістан облысында халықтың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантпен 1450 азаматты қамту жоспарланған.
Гранттарды беру екі лек бойынша жүзеге асырылады. Оның алғашқы легі 2026 жылдың 24 маусымы мен 7 шілдесі аралығында өткізілді.
Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған грантқа облыс бойынша 1542 азамат өтініш берген. Бизнес-жобаларды қорғау бойынша комиссия отырыстары 13-15 шілде күндері әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы ашық форматта ұйымдастырылды. Комиссия отырыстарына 1405 үміткер қатысып, 137 азамат белгісіз себептермен қатыспады. Нәтижесінде комиссия шешімімен 729 азаматтың бизнес-жобасы қолдау тауып, грант иегері атанды.
Грант иегерлерінің қатарында 1 атаулы әлеуметтік көмек алушы, 528 көпбалалы отбасы мүшесі, 119 мүгедектігі бар азамат, 53 мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-ана, 22 асыраушысынан айырылған азамат және 1 қандас мәртебесіне ие азамат бар. Қайтарымсыз грант қаражаты өндіріс, техникалық қызмет көрсету, мал және құс шаруашылығы, көкөніс өсіру, қолөнер бұйымдарын өндіру, сондай-ақ тамақ өндірісі бағыттарындағы жаңа кәсіптерді ашуға және дамытуға бағытталуда.
Мемлекеттік гранттар азаматтардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының дамуына серпін беретін маңызды қолдау тетігі болып табылады.
Грант қаражаттары жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер, көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар адамдар, «қандас» қолданыстағы мәртебесі бьар адамдар, қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері, аз қамтылған отбасы мүшелері, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, мүгедек баланы тәрбиелеуші жәрдемақы алатын адамдар үміткер бола алады.
Үміткерде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты (үш жылдан аспайтын) болуы керек.
Өтініш беру үшін үміткер порталда тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өтуі тиіс. Одан соң бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға жүктеу керек. Өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою керек.
Бизнес-жоспар – бұл бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны бизнес-жобаңыз туралы деректермен толтырып, грантқа онлайн өтініш берген кезде пайдалану қажет.
Мемлекеттік грант беру мақұлданған жағдайда, грант иегері 3 жұмыс күні ішінде жеке кабинетінде 20 таңбалы жеке сәйкестендіру кодын (IBAN) ұсынуы қажет. Банк деректемелерін көрсетілген мерзімде ұсынбаса комиссияның мақұлдауына қарамастан грант беруден бас тартылады. Олай болса келесі лектерде грантқа қайта өтініш бере алады.
IBAN ұсынғаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орталығы электронды шартты дайындап, қол қояды. Үміткерге шартты қол қоюға жібереді. 3 жұмыс күні ішінде ЭЦҚ көмегімен жеке кабинетке келіп түскен мемлекеттік грант беру туралы шартқа қол қою қажет.
Шартқа көрсетілген мерзімде қол қоймаса, үміткер автоматты түрде грант ала алмайды. Сондай-ақ алдағы уақытта ағымдағы қаржы жылында грант алуға үміткер бола алмайды. Шартқа қол қойылғаннан кейін грант қаражаты 5 жұмыс күні ішінде банк шотына түседі.