ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮРКІСТАН МЕН РИШТАН АРАСЫНДА БАУЫРЛАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

29.08.2026, 01:31
ТҮРКІСТАН  ОБЛЫСЫ: ТҮРКІСТАН МЕН РИШТАН АРАСЫНДА БАУЫРЛАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Түркістан мен Риштан арасында бауырластық туралы меморандумға қол қойылды. Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Бауырлас қалалардың халықаралық форумы» өтті. Шараға 20-ға жуық елден 300-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Қазақстан, Қырғызстан, АҚШ, Әзербайжан, Сербия (Белград), Жапония, Қытай, Ресей, Түркия және өзге де мемлекеттердің қала әкімдері, муниципалитет басшылары, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық пен сарапшылар бар.

          Форумға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол мен кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Өмірзақ Адхам қатысуда.

          Шараның басты нәтижелерінің бірі – Түркістан қаласы мен Өзбекстан Республикасының Риштан қаласы арасында бауырластық және серіктестік қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл құжат екі қаланың байланысын жаңа деңгейге көтеріп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестиция тартуға, туризмді дамытуға, білім, ғылым, мәдениет, спорт және жастар саясаты бағыттарында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

           Форум аясында делегациялар «Мәңгілік қала» туристік кешенінде өткен Достық ағашын отырғызу рәсіміне қатысты. Бұл игі дәстүр бауырлас қалалар арасындағы достықтың, өзара сенімнің және ұзақ мерзімді әріптестіктің белгісі ретінде өткізілді. Сонымен қатар B2B және B2G форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, кәсіпкерлер, инвесторлар мен мемлекеттік органдардың өкілдері инвестициялық жобаларды іске асыру, іскерлік байланысты кеңейту және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

         Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы әрі еліміздің тарихи-туристік орталықтарының бірі. Ал Риштан – әлемге дәстүрлі керамика өнерімен танылған Өзбекстанның көне қалаларының бірі. Екі қаланың серіктестігі мәдени мұраны сақтауға, туризмді, қолөнерді және кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін береді. Самарқандтағы халықаралық форум аясында қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып қана қоймай, өңіраралық байланысты жаңа деңгейге көтеруге және бауырлас қалалар арасында нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қалайды.

           Өзбекстан Республикасы Ферғана аңғарындағы Риштан — ежелден құмырашылық өнерімен танылған мекен. Риштон Өзбекстандағы ең әйгілі және ең көне керамикалық орталықтардың бірі болып табылады. Тереңдігі 1-1,5 метр және қалыңдығы 0,5-1,5 метр болатын тамаша сапалы қызыл-сары саздың кен орны бүкіл Риштон ауданының дерлік астында жатыр.

Қазір қалада 20-дан астам тоқыма фабрикасы, көркем керамика фабрикасы, жүздеген шағын жеке керамикалық шеберхана, 3 мыңнан астам жеке қолөнершілер, Өзбекстан Көркемсурет академиясында «Усто Абдулло» кәсіпорны жұмыс істейді. Ауданда диқан базарлары мен өнім базарлары да бар. Алты жалпы білім беретін мектеп, екі кәсіптік лицей, бір лицей бар. Мемлекеттік және әкімшілік мекемелері, екі мәдениет үйі, бір орталық стадион, бір орталық аурухана, екі емхана және басқа да медициналық мекемелер, бірнеше сауда және мәдени қызмет көрсету орындары халыққа қызмет көрсетеді.