ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕ САҚТАНДЫРЫЛМАҒАНДАР САНЫ 26,4%-ҒА АЗАЙДЫ

29.08.2026, 01:32
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕ САҚТАНДЫРЫЛМАҒАНДАР САНЫ 26,4%-ҒА АЗАЙДЫ

 

      Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізілгелі халықтың медицина қызметіне қояр талабы жоғарылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі кейінгі бес жылда салаға бірқатар өзгеріс енгізді. Соның кейінгісі әрі ауқымдысы цифрландыруға, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені енгізуге қатысты болды.

       Түркістан облысында МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 26,4%-ға азайды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының мәліметінше, бүгінде Түркістан облысында медициналық ұйымдарға 2 085 921 тұрғын тіркелген. Оның ішінде 1 779 672 адам немесе 85,3%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Ал, 306 249 тұрғын (14,7%) сақтандырылмаған. Сақтандырылмағандардың 247 945-і немесе 80%-ы ауылда тұрады.

         Өңірде сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2024 жылдың қаңтарында 410 950 адам сақтандырылмаған болса, 2026 жылдың маусымында бұл көрсеткіш 302 631 адамға дейін төмендеді. Осылайша, сақтандырылмағандар саны 108 319 адамға немесе 26,4%-ға азайған.

       Талдау нәтижесі бойынша, қаңтар және шілде айларында сақтандырылмаған азаматтар санының артуы байқалады. Бұған жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істейтін тұлғалардың алты айға алдын ала төлеген МӘМС жарналары мерзімінің аяқталуы әсер етеді.

         Сонымен қатар, облыстағы мыңнан астам білім беру ұйымында 80 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Кейбір ұйымдарда ұзақ мерзімді еңбек демалысы кезінде қызметкерлер үшін МӘМС жарналарының уақытылы төленбеуі олардың сақтандырылған мәртебесінен айырылуына себеп болуда. Бұған қоса, қызметкерлер туралы мәліметтердің ақпараттық жүйелерге уақытылы енгізілмеуі және 14 жеңілдік санаты бойынша деректердің жаңартылмауы да сақтандыру мәртебесіне әсер етеді.

         Жұмыссыз жүкті әйелдердің сақтандырылған мәртебесін алу мәселесі де бақылауда. 2026 жылдың басынан бері Қордың CRM желісі арқылы жеңілдік санаттарға уақытша сақтандырылған мәртебе беру бойынша 203 өтініш жолданған. Оның ішінде жүкті әйелдерге қатысты 150 өтініш қаралып, талаптарға сәйкес келген 8 әйелге «жұмыссыз жүкті әйел» мәртебесі 1 айға уақытша берілген.

         Қазіргі таңда 177 413 жұмыспен қамтылмаған азамат сақтандырылмаған. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 13 059 адамға көп. Сонымен бірге бірқатар ұйым тарапынан 5 706 қызметкер үшін МӘМС жарналары төленбеген. МӘМС бойынша берешекті өтеу мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға және мемлекеттік мекемелерге жеке кабинеттері арқылы хабарламалар жолдайды. Хабарлама жіберілгеннен кейін 30 күн ішінде берешек өтелмеген жағдайда, заңнамаға сәйкес есепшоттарға шектеу қойылуы мүмкін.

          Қор жергілікті атқарушы органдармен, жұмыспен қамту бөлімдерімен және медициналық ұйымдармен бірлесіп, азаматтардың сақтандыру мәртебесін қалпына келтіру, деректерді өзектендіру және МӘМС жарналарын уақытылы төлеуді қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізуде. Негізгі мақсат – әрбір тұрғынды МӘМС жүйесімен қамтып, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік жасау.

        Жалпы, заң нормалары ден­саулық сақтау жүйесінің алдына қойған міндеттерін жоспарлы іске асыруды, жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын, ел азаматтарына сапалы медициналық қызметтердің кең қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған. Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын пациенттерді қабылдап, емдеп, қажет болса жедел көмек көрсетуге әбден машықтанған жүздеген мың дәрігердің, орта және кіші медицина қыз­меткерле­рінің еңбегін лайықты бағалауға шақырады.