Инвестиция – жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға, технология енгізуге және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Сондықтан Қазақстан үшін елге капитал тартумен қатар оның сапасы мен нақты экономикалық тиімділігіне мән беру өзекті. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы – аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында экономикалық әлеуетті арттыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Бүгінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен аудан, қалада өндірістік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, шағын өндірістік парктер құру арқылы кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа кезеңі басталды. Осы бағытта Отырар ауданында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы аудан экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін тың жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Бүгінде ауданда жалпы құны 305 млн теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 21 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, темір бұйымдарын өндіру, брусчатка шығару, құрама жем өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін сублимациялық әдіспен кептіруге арналған заманауи кәсіпорындар іске қосылды.
Жаңа өндіріс орындарының ашылуы – аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды қадам. Айта кетейік, өңірдегі 29 шағын өндірістік паркте 275 өндіріс орнының құрылысы басталып, бүгінде оның 164-і пайдалануға берілді.
Бүгінде инвестиция үшін перспективалы бағыттарға өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, цифрландыру және туризм жатады. Әсіресе шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын жобаларға басымдық беру экономиканың тұрақтылығын күшейтеді.
Инвестор үшін қаржы салатын елдің заңнамасының тұрақтылығы, инфрақұрылымның сапасы және бизнесті жүргізу шарттарының ашықтығы маңызды. Сондықтан рұқсат рәсімдерін жеңілдету, инженерлік желілерге қолжетімділікті арттыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту инвестициялық саясаттың негізгі міндеттерінің бірі болуы тиіс.
Өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану да маңызды. Әр аймақтың ерекшелігіне қарай инвестициялық жобаларды ұсыну жаңа өндірістерді жергілікті жерде дамытуға мүмкіндік береді. Бұл ретте шетелдік инвесторлармен бірге отандық кәсіпкерлердің қатысуын арттыру да қажет.
Инвестиция көлемі ғана емес, оның нәтижесі маңызды. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, технология әкеліп, жергілікті өндірісті дамытып, бюджетке тұрақты кіріс әкелсе, оның экономикалық қайтарымы да жоғары болады.