14.04.2016 в 00:20

Шымкент оқушыларының оқу-дала жиыны басталды

Оңтүстік Қазақстандағы 6506 әскери бөлімінің «Ақтас» оқу-жаттығу аймағында қаланың орта мектептерінде тәлім алатын 10 сынып оқушылары мен әскери-спорттық клубының тәрбиеленушілері үшін оқу-дала жиыны басталды. Шараның ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімдігінің қызметкерлері, қалалық «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен ата-аналар комитетінің төрағалары арнайы келіп қатысты.

Ашылу салтанатында сөз алған қала басшысы бұл жасөспірімдердің өміріндегі ең маңызды күн екенін атап өтті.

"Отанды қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Ендігі жерде, жастар да туған елінің патриоты атанып, ұлттық мүдде жолында қызмет етуі тиіс",-деді Ғ.Әбдірахымов.

      Биылғы оқу-дала жиынына барлығы 3327 оқушы қатысуда. Жиын барысында олар бастапқы әскери дайындықтан өтіп, қару ұстау ережелерімен таныса алады. Сапқа тұрып, тәртіпке негізделген әскери ережелерді үйренуге толық қадам жасамақ.