18.04.2016 в 23:18

Шымкентте «Нео-фольклор» киімдері мен ұлттық тағамдар байқауы өтеді

Шымкентте «Нео-фольклор» киімдер дизайнерлері мен ұмытылып бара жатқан және жаңғыртылған қазақ ұлттық тағамдары байқауларының қалалық кезеңі өткізіледі

«Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жобасының аясында «Нео-фольклор» киімдер дизайнерлері мен ұмытылып бара жатқан және жаңғыртылған қазақ ұлттық тағамдары республикалық байқауларының қалалық кезеңі өтеді.

Байқаулардың негізгі мақсаты – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қазақтың ұлттық дәстүрлерін сақтап қалу және оларды кеңінен насихаттау, сондай-ақ, әйел азаматтарын «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға дайындау.

Байқауларды өткізу үшін ұйымдастыру комитеті құрылып, «Нео-фольклор» киімдер дизайнерлері мен ұмытылып бара жатқан және жаңғыртылған қазақ ұлттық тағамдары байқаулардың ережелері әзірленді. Байқаулардың ұйымдастырушысы Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы болып табылады.

      - «Ұмытылып бара жатқан және жаңғыртылған қазақ ұлттық тағамдары» байқауында ұмытыла бастаған тағамдарды қайта жаңғырта отырып, жаңа заманауи тағамдар әзірленеді. Байқауға Шымкент қаласының тұрғындары, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардан аспаздарды тарта отырып қатыса алады.

- «Нео-фольклор» киімдер дизайнерлері байқауы қазақтың ұлттық киімдерінің бірегей құндылықтарына, оның қазіргі сән үлгісінің үрдістер үйлесімділігіне сәйкес этникалық-тұрмыстық құндылығы мен алуандылығы негізінде және Ұлттық нақыштар мен Қазақстан сән индустриясының кәсіби ілгерілеуі, киім дизайнерлерінің инновациялық әлеуетін жүзеге асыру және қолдау үшін өткізіледі. Байқауға кәсіби модельерлер, киім дизайнерлері, киім тігетін шығармашылық орталықтар, шығармашылық ұжымдар, декоративті-қолданбалы өнер шеберлері, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушылары мен педагогтардан тұратын шығармашыл мамандар, жалпы білім беретін мектептер, сән орталықтары мен театрлар, ұлттық киіммен айналысатын мамандар қатыса алады.

Байқаулардың қалалық кезеңі 2016 жылдың 27 сәуірі күні өтеді. Байқауға қатысу үшін өтінімдер 2016 жылдың 20 сәуіріне дейін, Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы 6 үй ( 210 каб.) мекен-жайы бойынша ұйымдастыру комитетімен қабылданады. Қалалық кезеңдегі байқаудың жеңімпаздары облыстық кезеңге жолданады.

Қосымша мәліметтерді 535449 байланыс телефоны арқылы алуға болады. Өтініштердің үлгісі және байкаулардың ережелері Шымкент қаласы әкімдігінің shymkent.gov.kz сайтында орналасқан.