Жазғы суйретпе, спорттық аяқ киім, туфли. Бұл тауарлардың барлығын Артық Мараимов өзі тігіп шығарады. Шебер бұл іспен бала кезінен айналысқан екен. 90-жылдары аяқ киім шығаратын шағын цех ашқан. Бірақ, қаржылық дағдарысқа төтеп бере алмаған кәсіпорны көп ұзамай жабылып қалыпты.- деп хабарлайды otyrar.kz.
Кәсібін қалайда жандандыруды мақсат тұтқан азамат дегеніне жетті. Бірқатар кедергілерді еңсеріп, қиындықты жеңуге туыстары да көмек берген. Қазір ол ашқан цехта 12 адам жұмыс істейді. Олар 35-тен 45-ші өлшемге дейін 12 түрлі аяқ киім шығарады. Тауар таза былғарыдан тігіледі.
Төрт ай ішінде шағын цехта шығарылатын бұл тауарды Оңтүстік халқы да танып үлгерді. Ай сайын 200-ге жуық тауар тігіледі. Ең бастысы, аяқ киімдердің бағасы қолжетімді. Алдағы айларда цех басшылығы шымкенттік аяқ киімдерді Қазақстанның басқа да өңірлеріне шығаруды жоспарлап отыр.