Шымкенттегі жеңілатлетикалық манежде екі күн бойы грек-рим күресі балуандарының тартысты бәсекесі өтті. Академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық ашық турнир биыл да мықтылардың басын қосты. Дәстүрлі жарыс ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен 23-ші рет ұйымдастырылып отыр,-деп жазады shymkala.kz.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат депутаты, ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев, облыс спортының басы-қасында жүрген азаматтар және МарданБаймырзаұлының бауырлары қатысып, ақжарма тілектерін айтты. Сайыстың ғұмыры ұзақ болуын тіледі.
Облыс балуандары екі алтын, үш күміс, үш қола жүлдемен жалпы есепте озық шықты. 66 келіде Әділхан Сатоев пен 71 келіде Рамазан Мұстафаев алтын жүлдегер атанды. Былтырғы жеңімпаз Нұрсұлтан Қалмұрзаев бұл жолы күміс жүлдені қанағат етті. Жастар дуынан ересектерге ауысқан Абылайхан Әмзеев (66 келі) пен Рашид Кочиев (75 келі) те осы межеден көрінді. Үшінші орын иегерлері – Рустам Гасимов (98 келі), Шамил Батыров (85 келі) және Әліби Нұрмаханбетов (130 келі).
Алматы қаласы екі алтын жүлдемен екінші сатыға жайғасты. Үшінші орын – бір алтын, бір күміс және екі қоланы олжалаған Өзбекстан қомандасының еншісінде.