Шымкентте әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие жібек кілем тоқыйтын фабриканың өндіріс ауқымы кеңіді. Елбасының өзі тұсауын кескен «Бал Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұндай мүмкіндікке өндірістің екінші кезеңін іске қосу арқылы қол жеткізді. Бұл дегеніміз, серіктестік кілем өндірісіне қажетті жіпті енді өздері өндіріп отыр. Соған сай өнім бағасы да 20 пайызға дейін арзандады. Шымкенттен шығарылған тауар таңбалары көрші елдерге экспортталуда. Екінші кезеңін іске қосу арқасында серіктестік бұрынғыдай шеттен келетін шикізатқа қарап отырмайтын болды. Жіп қанша қажет болса, сонша өндіріледі. Жаңа желі - жаңа мүмкіндіктердің кілті. Жібек кілем әлемдік нарықтағы сұранысқа сай үлкен партиямен тоқылып отыр.
Кілем тоқуға қажетті жіп дайын болуы үшін үш кезеңнен өтеді. Бірінші жартылай пропилен түйіршіктері 250 градус ыстықта ерітіліп, жіп талшығына айналады. Одан кейін арнайы станокта иіріледі. Соңғы сатысы жіп сапасын жақсарту үшін 150 градустық буда термоөңдеуден өтеді. Фабрика басшылығының айтуынша, мұнда тапсырысқа сай кілемнің кез-келген түрін тоқуға болады. Сұраныс жасаса, адамның портреті де салынады. Тағы бір ерекшелік, мұндағы өндіріс қалдықсыз жүйеде жұмыс істейді. Ал, алдағы уақытта үшінші кезеңді іске қосу жоспары бар. Ол кезде өндіріс қуаты артады.