06.07.2014 в 16:30

Астана - еліміздің мемлекеттік символы

 

Еліміздің астанасы 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Алматыдан Ақмола қаласына көшіріліп, Астана қаласы болып аталынғаны мәлім. Сол кезеңде қоғам тарапынан бұл бастамаға біршама қарсылықтар туындағанмен, алайда қазіргі кезеңде бұл тарихи шешім ішкі және сыртқы саяси жағдайда өзінің тиімділігін көрсетті. Жалпы сол уақыттан бері қарай қоғамдық санада Астана күні деген сөз - мейрам, әрі мәдени мереке және демалыс күні ретінде еніп, қалыпты дәстүрге айналып та үлгерді. Алайда бұл мейрамның біз үшін қандай маңызы бар? Сондай-ақ, бұл мерекенің басқалардан ерекшелігі неде және астарында нендей мән жатыр? – деген сұрақ әлі ешкімді ойландырып үлгермеген болуы мүмкін. Осы орайда осы мейрамның астарына тереңдеп үңілетін болсақ, тарихи-мәдени тұрғыда оның мәніне терең бойлайтынымыз анық.

Жалпы Астана қаласы еліміздің және оның тұрғындарының ұлттық және мемлекеттік символы. Мемлекеттік және ұлттық символдар ежелгі кезеңнен бері қарай аса зор мәнге ие болған. Оның басты себебі азаматтарымыздың бойында отансүйгіштік, жауынгершілік, адалдық рухты қалыптастыру болып табылады. Жалпы қазақ мемлекеттілігінің тарихында Қазақстан мемлекеті аумағында орталыққа айналған астаналар көптеп саналады. Мәселен, Түркістан, Тараз, Отырар және т.б. қалалар қазақ тарихында тек әкімшілік-шаруашылық орталықтар ғана болып қалмай, мәдени, діни және білім ошақтарына да айналғаны белгілі. Солардың көпшілігі қазақ халқының ел болып қалыптасуында, мемлекеттік басқаруда, ішкі және сыртқы саясатта және экономикада, шаруашылық және сауда салаларында жоғарғы рөлді атқарған символдар болып табылады. Осы символдардың бірден-бір ерекшелігі ұлтжандылық пен отан сүйгіштік сезімге бөлей отырып, тәуелсіздік сияқты аса қасиетті ұғыммен астасып жатуында.

Сол сияқты бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің астанасы «Астана күні» және «Бәйтерек» т.б. осымен байланысты ұғымдар мемлекеттік симводардың қатарын толықтыруда. Сондай-ақ Астана қаласы тек мемлекеттік символ ғана емес, сонымен бірге достастық пен ұлтаралық татулықтың символы ретінде атауға болады. Өйткені Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғаннан бері қарай қалыптасып қалған ескі кеңестік символдардан бас тартып, жаңа тәуелсіз

Қазақстан тарихының жалпы халықтық символдарды қалыптастырып жатқаны белгілі. Өйткені ол кеңестік бодандық санадан тезірек алшақтап, тәуелсіз дербес ойлауға итермелейді. Осылай сананы символдар арқылы жаңартумен болашақ буынның паттриоттық тәрбиесін арттыра аламыз.

Яғни, олай болса Астананы – егемен еліміздің Елордасы ғана емес, тәуелсіздіктің тұғыры, қазақ елінің айбыны, ұлтаралық келісімнің көрінісі ретінде тани аламыз. Осы орайда Астана күнін жалпыхалық болып атап өту мемлекеттігіміздің орнығуымен тәуелсіздігіміздің баяндылығын айқындап көрсетеді.Сондықтан тәуелсіздікті тәу етіп, жылсайын Астананың туған күнін тойлау, сондай-ақ оны жасампаздықпен және даңғазалықпен жарнамалау арқылы күллі әлемге паш ету және оны халықтың санасына мықтап енгізу - бүгінгі биліктің қолжеткізген жетістігі деп білемін.

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Айтымбетов Н.И.