-Бүгінде Сербяидан әкелінген 125 мың көшет отырғызылды. Сондай-ақ, тамшылатып суару және шпалер жүйесі, электр желісі жүргізіліп, су тартылды. Бесінші жылы бақтың әр гектарынан 50 тонна өнім жиналады. Егінжайдың жалпы түсімі 2, 5 мың тоннаны құрайды. Бақ 15 жыл қызмет етеді,-дейді «Euro Duo-Kalem Lazarevac» компаниясының өкілі Рустам Ғанижанов. Бұдан басқа, өнімді сақтау үшін сыйымдылығы 2 мың тонна болатын жеміс-жидек қоймасын салу жоспарлануда.
Ағымдағы жылы "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы 10 лизингалушылардың 50 га қарқынды алма бағын отырғызу өтініштері мақұлданған болатын. Жобаның жалпы құны-671, 1 млн. теңге. Бақтың жалпы көлемі-50 га. Алманың 4 түрі өсірілетін болады: Golden delicious, Idared, Granny Smith, Gala. Көшеттің соңғы түрі ерте піседі, өнімді тамыз айында жинап алуға болады. Айта кетерлігі, алманың әр түріне 5 гектар жер бөлінген.
"Әулие ата Алма" шаруа қожалығының өнімдерін ел нарығына шығару жоспарлануда. Жоба аясында 30-40 жұмыс орны ашылады.