29.06.2016 в 00:18

ОҚО әкімі барша журналистерді мерекемен құттықтады

Оңтүстік Қазақстан облысында «Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараға қатысқан өңір басшысы барша қаламгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігін бұқаралық ақпарат құралдарында жоғары кәсібилікпен жарыққа шығарып, қоғамдық сананы қалыптастыруға қосқан үлестері үшін алғысын білдіре келе, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және облыс әкімінің грамотасын сондай-ақ алғыс хаттарын тапсырды.

«Журналистика – қоғамды тәрбиелейтін, оның санасын өзгертіп, өсіретін негізгі күш. Сіздер – Президентіміздің жасампаз идеяларының төңірегіне қоғамды топтастырып, ұлтты ұйыстыруға зор үлес қосып келесіздер. Алдағы уақытта да егемен еліміздің игілігі үшін жемісті еңбек ете берулеріңізге тілектеспін»,- деді облыс әкімі.

Жалпы бұл күні қоғамның дамуына айрықша үлес қосқан және журналистикаға еңбек сіңірген 100-ден астам қаламгарлер орден, медалдармен наградталып, алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетсек, бүгінде өңірімізде 253 бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. Олардың 175-і газет, 48 журнал, 13 телеарна болса, 13-і сайт және 4 радио. Жалпы еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының шамамен 30 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі.