30.06.2016 в 00:23

Шымкент түймесі шетелге экспортталмақ

Шымкентте түйме шығарылып, Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін қамтамасыз етіп отыр.

Өнім 2006 жылы ашылған «KazPlast» компаниясына тиесілі. Серіктестік жылына 100 млн. дана түймені қалыпқа басады. Отандық өндірісті өркендету үшін зауыт мемлекеттен қаржылай қолдау көрді.  Енді Шымкент  түймелері алыс-жақын шетелге де экспортталмақ.

Түйменің мұнда түрі де, түсі де көп. Сапасы жоғары, әрі сәнді. Бағасы да қолжетімді. Шетелдікінен 20 пайызға арзан. Кәсіпорын осы уақытқа дейін шамамен 150 млн. түйме шығарып, тұтынушысына жеткізген. Алғашқыда тек әскери киімдерге түйме жасап келген цех инновация игілігін көріп отыр. Қазір өндірістің өн бойына қан жүгірген,-деп хабарлайды shymkenttv.kz.

Ақылбек Алматов, «KAZPLAST» компаниясы директорының орынбасары;

Бұрын біздегі түйме өндірісі қалыптасқан ескі әдіс бойынша жүргізілетін. Кейін түймелерді әртүрлі формада жасауға талпындық. Бірнеше түрін, түсін шығаруға тырыстық. Ол үшін, әрине, түймелерге жеке пресс-формалар қажет болды. Ал, пресс-формаларға тапсырыс беру қосымша қаражатты қажет етті. Сол себепті, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының банк заемын алдық. Қазір мұнда 30 адам жұмыс істейді.

Асылхан Тоқмырзаев түймені әр түрлі пішінге келтіру аппаратын меңгерген. Жұмысы жеңіл. Итальяндық құрылғыларды тек арнайы тетік арқылы басқарады.  Өз ісінің қыр-сырына қанық маман зауыт өнімінің сапасымен мақтанады.

Асылхан Тоқмырзаев, оператор;

Жұмыс оңай. Айлық жалақымыз да жақсы. Маған мына түймелер дайын таблетка түрінде келеді. Соны арнайы қалыпқа пішінге келтіріп, қажет болса, тесіп, дайындаймыз.

Кәсіпорынның түйме дайындау технологиясы автоматты түрде іске асады. Алайда, бірнеше өндірістік сатыдан өтеді. Алдымен, түймеге қажетті қоймалжың сұйықтық кептіріледі. Сосын оны әртүрлі пішінге салады. Артынша тесіктері ойылып, қажетті қалыпқа құйылады.

Істің көзін тапқан кәсіпкерге «Даму» қоры қаржылай көмек көрсетті. Өз кепілдемесі арқылы банктен құрал-жабдық сатып алуға 45 млн. теңге несие алып берді. Оның тең жартысы мемлекет тарапынан субсидияланған. Енді өндіріс орны Өзбекстан, Ресей, Беларусь елдеріне өнімін экспорттайды.