Жамбыл облысындағы моноқала Қаратауда шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді. Оған мемлекеттік «Бизнестің жол картасы» бірыңғай бағдарламасы сеп болып отыр. Былтыр 250 миллионға жуық теңгенің 19 жобасы жүзеге асырылып, жүздеген адам еңбекпен қамтылды,-деп хабарлайды 24.kz . Солардың бірі – табиғи су шығаратын цех. Кәсіпкер «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген пайызбен 7 миллион теңге несие алып, Қытайдан автоматтандырылған қондырғы сатып алған. Тоғыз адамды жұмысқа алып, жаңа технологияның тілін үйретті. Қазір мұнда күніне 2 тоннадай су өңделеді. Өнім қатар жатқан Қаратау мен Жаңатас қаласының нарығына шығарылады. Таяуда Ақтау, Астана және Атырауға жөнелтпек. Жалпы, Талас ауданында бүгінде 1 мың 300-дей шағын және орта кәсіпорын бар. Өткен жылы олар 3 миллиардтан астам теңгенің өнімін өндірген.
Мұрат Пазылов, кәсіпкер: - Таудың суы. Бұлақтың суы ғой ерекшелігі. Тек қана мұны жақсылап тазалап жатырмыз. Сосын кварцтан өтеді. Сөйтіп зиянды микробтар өледі. Бірақ өзінің табиғи пайдасы бар минералдың бәрі қалады суда. Сөйтіп бұл халыққа барады.
Ауданбек Таубасаров, Талас аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы: - Қазіргі уақытта бізде 94 миллионға 14 жоба өткізіп, оның ішінде 23,3 миллион теңгенің 2 жобасы іске асырылуда. Одан бөлек ауданымызда 2,2 миллион теңгенің «Бизнестің жол картасы» бірыңғай бағдарламасы аясындағы грант бағдарламасы бойынша экологиялық таза ағаштан жасалатын ойыншық өнімдер шығарылады.