Жамбыл облысы алыс-жақын шет елдерден инвестиция тартуды жолға қойған. Бұл үшін арнайы аймақтық кеңес құрылған. Нәтижесінде шетелдік инвесторлармен арада 17 жоба бойынша келісімге қол қойылған. Энергетика, химия, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы салаларында жүзеге асатын осы 17 жобаның жалпы құны 3,2 млрд долларды құрайды. 2015 жылы негізгі капиталға 82,6 млрд теңге сыртқы инвестиция тартылған. Бүгінде облыста Қытай, Ресей, Нидерланды, Франция, Чехия, Италия, Иран, Германия, Түркия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері мен Малайзия елдерінің қатысуымен инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Айта кетейік, бұл өңірде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бес жылдығында іске қосылған кәсіпорындар 143,1 млрд теңгенің өнімін шығарып, өндірістің жалпы көлеміндегі үлесін 15,8 пайызға жеткізді. Сонымен қоса, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрды.