05.07.2016 в 20:13

Таразда қайта жаңғыртылған «Рысбек» қосалқы станциясы пайдалануға берілді

Таразда қайта жаңғыртылған «Рысбек» қосалқы станциясы пайдалануға берілді Астана күні мерекесі қарсаңында Тараз қаласында жаңа технологияларды қолдана отырып толықтай қайта жаңғыртудан өткен 110/6 кВ «Рысбек» электр станциясы ашылды. Салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Құрметті Тараздықтар! «Астана күні» мерекесі қарсаңында Тараз қаласында жаңа технологияларды қолдана отырып толықтай қайта жаңғыртудан өткен – 110/6 кВ «Рысбек» электр станциясының ашу салтанатына қатысып отырмыз. Аталған жоба үш жыл ішінде 2010-2015 жылдар аралығында серіктестіктің инвестициялық бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып, 378,5 млн. теңге қаржы жұмсалды. Инвестициялардың басты бөлігі  қолданыстағы трансформаторлық қосалқы станциялардың қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалған – бұл аккумуляторлық батареяларды, күштік трансформаторларды ауыстыру, майлы ажыратқыштарды элегазды және вакуумды ажыратқыштарға ауыстыру сияқты бірқатар жұмыстар жасалған,-деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.  Тараз қаласындағы 110/6 кВ «Новая» қосалқы станциясы қаланың ықшам ауданында тұратын тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 1971 жылы пайдалануға берілді. Қосалқы станцияда қуаты 25000 кВА T-1 күштік трансформаторы мен қуаты 16 000 кВА болатын Т-2 трансформаторы орнатылған еді. Осыдан 10 жыл бұрын қосалқы станцияның атауы 2006 жылы мерзімінен бұрын өмірден озған «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Жүнісбеков Рысбек Өмірбекұлының құрметіне «Рысбек» ҚС деп өзгертілді. Рысбек Өмірбекұлы бүкіл саналы ғұмырын Жамбыл облысының энергетика саласын дамытуға арнады. Оның еңбегі жоғары бағаланды, бірнеше мәрте ҚР Энергетика министрлігінің дипломдарымен марапатталды. «Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі» атағын да иеленді. Соңғы жылдары жаңа тұрғын үйлердің салынуы мен ықшам аудандардың әлеуметтік инфрақұрылымының дамуының нәтижесінде қаланың осы бөлігінде электр энергиясын тұтыну көлемі айтарлықтай артты. Сонымен қатар, ОРУ-110 кВ және 6 кВ КРУ қондырғысының екі секциясының да моральдық және физикалық тұрғыдан көнергені айқын еді. Осы факторлардың барлығын ескермеу мүмкін емес еді. Сондықтан, 2013 жылы мекеме басшылығы қосалқы станцияны қайта жаңартуды толық ауқымда атқаруды қолға алды. Алайда, жұмсалатын шығынның ауқымдылығына байланысты, жұмысты кезең-кезеңімен жүргізу туралы шешім қабылданды. 2013 жылы ОРУ-110 кВ қондырғысының 2-секциясы жаңғыртылып, қуаты 16000кВА Т-2 трансформаторы қуаттылығы 25000кВА күштік трансформаторына алмастырылды, ажырату мен қысқаша тұйықтау құралы РГП-110 ажыратқышы бар элегазды сөндіргішке ауыстырылды. 2014 жылы тура осындай жұмыс ОРУ-110кВ қондырғысының 1-секциясында атқарылды. Барлық жұмыстың қорытындысы ретінде 2015 жылы K-37 қондырғысының ескірген майлы ажыратқышты 34 ұяшығын вакуумды ажыратқышты К-63 ұяшықтарына алмастыру жүзеге асырылып, блокты-модульдік ғимарат орнатылды. Осылайша, үш жыл ауқымында «Рысбек» ҚС-ын жаңарту мақсатына 378,5 млн. теңге қаржы жұмсалды, қазіргі кезеңде бұл қосалқы станция заманауи жабдықтар орнатылып, осында жұмыс атқаратын қызметкерлердің өз ісін алаңсыз атқаруына барлық жағдай жасалған сенімді әрі жоғары технологиялық энергетикалық кешенге айналып отыр. Бұл туралы zhambylnews.kz хабарлады.