«Асыл Қазына» балабақшасының ашылу салтанатына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ж.Сапаралиев арнайы қатысып, жиналған қауымды Астана күні мерекесімен құттықтады. Бөбекжайда 50 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасалған.
Елбасы 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай қазір мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар ашылуда. Яғни, кәсіпкерлер мемлекет жасаған мүмкіндікті жібермей, Балапан бағдарламасын жандандыруда.
Тәуелсіздіктің 25 жылында Жамбыл облысында 90-нан астам білім нысандары салынып, ел игілігіне берілді. Оның 71-і мектеп болса, 21 балабақша, 1-і колледж. Ал, өңірдегі жекеменшік балабақшалар саны 40-қа жетіп отыр.
Жалпы Жамбыл ауданында 17 балабақша және 18 шағын орталықта төрт мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Ауданда бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту деңгейі небәрі 58 пайыз. Оны арттыру мақсатында аудандық білім бөлімі жеке кәсіпкерлерге тапсырыс бойынша балабақша салынуға ұсыныс білдіруде. Биылдың өзінде ауданда мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде 2 бөбекжай ашылды.