15.07.2016 в 00:05

Жамбылда мемқызметкердің штаттық саны 5168 бірлікті құрады

Бұл туралы бүгін Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Исақов Болат хабарлады.

«Кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде мемлекеттік қызмет мәселелерінің бағыттарына сәйкес жоспарлы және жүйелі жұмыстар жүргізілді. Модернизация жөніндегі ұлттық комиссияның отырыстарында мақұлданып, енгізілген жаңа әдістерге сәйкес «А» және «Б» корпустарының мемлекеттік әкімшілік қызметінің мониторингі жасалуда.Үстіміздегі жылдың 1 шілде жағдайына облыс аумағындағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы штат саны – 5168 бірлікті құрады. Оның ішінде 6 - мемлекеттік саяси қызмет лауазымдары, 16 - «А» корпусының және 5146 - «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызмет лауазымдары бар. Ағымдағы жылдың 2 тоқсаны ішінде «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызмет лауазымдарының штат саны 23 бірлікке азайғанын атап өту қажет. Бұл еліміздің кедендік одаққа қосылуына байланысты, мемлекеттік кірістер департаментіндегі кейбір функцияларының қысқаруы себептерінен орын алды», - деп мәлімдеді спикер.

Б.Әлмұқанұлының айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің нақты саны - 4703 қызметші, яғни есепті мерзімге облыс бойынша 465 бірлік бос тұрған «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызмет лауазымдары бар немесе жалпы штат санының 9%. Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 46,6% (2196) әйелдер. Есепті жылдың басынан бастап мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жаңа біліктілік талаптарын жоғарылату нәтижесінде, жарты жылдың ішінде жоғары білімі бар қызметшілердің үлесі 87,5%-дан 88,3% (4152) артып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің ішінде 30 жасқа дейінгі жастардың үлесі 19,8% (929) болса, орташа жасы 40,7 жасты құрайды. «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервімен жұмыс атқарылуда. Есепті мерзімге «А» корпусының кадр резервінде облыс аумағында жұмыс істеп жүрген 8 азамат бар. Жарты жылдың ішінде осы резервшілердің ішінен уәкілетті комиссияның келісімімен аудан әкімі лауазымына 1 адам қызметке тағайындалды.