Мамыр айынан бастау алған «Таза қала» акциясы Шымкенттің тазалығын ғана жақсартып қойған жоқ. Байқау тұрғындарды бірлік пен еңбекқорлыққа, туған қаламызды көркейтуге шақырған бастама болды. Шымкент қаласының әкімдігі мен ОҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы ұйымдастырған байқауға Еңбекші ауданының тұрғындары да белсене қатысуда,-дейді shymkala.kz.
Ал ауласының таза, ұқыпты болғанын кім қаламайды?! Үлкен де, кіші де әдемі жерде тұрғанды жақсы көретіні сөзсіз. Осы орайда үй тұрғыны Оралкүл Айтжанованың да еңбегін атап өтуге болады. 64 жастағы зейнеткер тазалық жұмыстарына ұқыпты болып шықты. Балалар ол кісінің айтқанын екі етпейтін көрінеді. Соның арқасында ойын балалары есік алдын ластамайды. Аулаға бей-берекет қоқыс тастамайды. Ойын алаңшалары да тап-таза. Бүлінген-сынған жерлері жоқ. Денсаулығы сыр берсе де, Оралкүл апа үйінде отырмайды. Күн сайын ауланы аралап, тазалығын бақылайды.
– Адам үшін жасыл желектің барлық жағынан пайдасы бар. Бұл біріншіден кислород береді. Шаң– тозаңнан сақтайды. Ыстықта көлеңке, жақсы дем аласың. «Таза қала» акциясына біркісідей атсалысып жатырмыз. Алдағы уақытта ағаштардың санын көбейтіп, жеміс ағаштарын отырғызсақ, тұрғындар тынығатын шағын баққа айналдырсақ деген жоспарымыз бар, – дейді Оралкүл Айтжанова.
Зейнеткер айтқандай, балалардың аулаға деген көзқарасы ерекше. Олар бала болса да, тазалықты жақсы көреді. Үй төрайымының айтуынша, жаңадан көшіп келген тұрғындардың да белсенділігі жаман емес. Алғашқыда таңырқай қараған олар, көркейту, тазалық жұмыстарына белсене араласып кетіпті.
– Әрбір тұрғын үйлерінің аулаларын көгалдандырса, көкке оранған жасыл желек қаланың ажарын келтіреді дейді Кенже апай.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұранды ұстанатын тұрғындар енді мемлекет тарапынан жаңадан балалар ойнайтын алаңқай салуға қолдау болса екен дейді. Себебі, бұрынғы балалар алаңшасы жеке кәсіпкердің меншігіне өтіп, автөлік тұрағына айналған.
Аулалары мен үй кіреберістерін көркейтіп қойған тұрғындар байқаудан жүлде алуға үмітті. Еңбекші ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бақыт Сыздықовтың айтуынша, биыл байқауға 64 аула, 12 көше қатысуға өтініш берген. Ал өткен жылы үздік 3 аула жеңімпаз атаныпты.