Бейнелеу өнері мұражайында «Шырайлы Шымкент-2016» туристік жәрмеңкесі өтті. Ұлттық қолөнер туындыларының көрмесін Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырды. Өңірімізге белгілі шеберлер өз еңбектерін келушілер назарына ұсынды.
Жәрмеңке көрмесін тамашалаушылар өңірге кеңінен таныс этнограф Кендебай Қарабдаловтан құмыра жасаудың қыр-сырын үйренді. Оның сыңсыған сазсырнайы мен кернейінің әсем әуеніне тәнті болды. Бейсбековтердің қайталанбайтын бірегей туындылары да келушілерді бей-жай қалдырмады. Отбасымен ұлттық өнерді дәріптеп келе жатқан шеберлер оюланған киіз, ұлттық нақышпен безендірілген алаша, кілемдерін келушілер назарына ұсынды. Жыл мезгілдерінен жасалған қолөнер коллекцияларының қай-қайсысы да ұлттық нақышқа, салт-дәстүрімізге бай. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Әшірбек Желдібаевтың күмістен жасалған қанжары, 4 метрлік, салмағы 3 келі, 200 грамдық торсығы да келушілерге әсерлі дүние болды. Жәрмеңке көрмеде Арайлым Баракованың шымкестесі де тамашалаушылардың назарынан тыс қалған жоқ.
Көрмені ұйымдастырушылар – жәрмеңке шеңберінде «Ең үздік қолөнер шебері» номинациясы бойынша конкурс өткізді.
Нәтижесінде «Ең үздік қолөнер» аталымы бойынша Абайхан Рысбаев бірінші орынға ие болды. Қолөнер шеберлері Жұпар Бескенова, Нұржан Қарсыбаев арнайы жүлделерді иеленді.
Шымкент қаласының туристік нысаны «Мегаполис» қонақүйінің арнайы сыйлығы нар қобыз және қыл қобыз жасаушы Дәурен Миншаровқа және Құттықыз Қалмаханға берілді.