«Достық» шағынауданының аумағы күн санап кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда онда 1300 үй бар. Халық саны 3000-ға жуықтайды. Шағынаудан жаңа құрылыспен толығуда. Сонымен қатар, асфальт төселіп, аяқжолдар салынып, көшелер жарықтандырылды. Ал биыл сәуір айында жаңа әрі зәулім мектептің құрылысы басталды.
10 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР
«Достықтың» жас өрендері 400 орынға арналған ескі мектепте білім алады. Соңғы есеп бойынша, онда 1500-ден астам оқушы бар. Олар үш ауысымда оқиды. Осы шағынауданның алғашқы тұрғындарының бірі – Сайдынгүл Түзелқызы. Оның айтуынша, сабақ басталған кезде бір партаға төрт бала отырғызылады екен.
– Мектеп біздің шағынаудан халқы үшін тарлық етеді. Бала саны көп. Өзіміздің мектепке сыймағандар көршілес «Асарға» барып оқиды. Оларды тасымалдау үшін Қаратау ауданынының әкімі Ғ.Исмаилов автобуспен қамтамасыз етті. Енді жаңа мектеп пайдалануға берілсе, оқушылар алаңсыз білім алар еді, – дейді көпбалалы ана.
Қазір жаңа құрылыс аумағында 500 жер учаскесі бар және тек 70-ке жуық үйде халық тұрады. «Достық» шағынауданында №10 емхананың медициналық бекеті, №56 учаскелік полиция бекеті, өрт сөндіру бекеті және 120 орынға арналған балабақша бар. Қазір «Достықта» №17Б, 9А автобустары мен 105 бағыттағы шағын автобустар жүреді. Осыған дейін шағынауданмен қаланы жалғастырған №9 автобустың бағыты тиімсіз болғандықтан, тоқтап тұр. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев алдағы уақытта №109А автобус 5 кесте бойынша жүретінін айтады. Қалада қолға алынған әлеуметтік 10 бағыттың біреуі «Достық-2» шағынауданында қатынайтын болады.