Бізде Кәсіподақтар федерациясы деген бар. 2013 жылдың есебіне жүгінсек, оған 24 кәсіподақ, бас-аяғы 2 164 240 адам мүше.
Оның негізгі міндеттеріне федерацияға мүше ұйымдардың мүдделеріне сәйкес жауап беруіне қол жеткізеді, олардың орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Еңбек кодексі еңбек заңнамасының және еңбек кауіпсіздігі мен еңбекті қорғау нормаларын бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторларына, кәсіподақ комитеті немесе жұмыскерлердің жалпы жиналысында (конферен-циясында) сайланған еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларға, және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ішкі қызметіне жүктейді. Осы міндеттер қаншалықты атқарылып жүр? Бұрындары бұқаралық ақпарат құралдарының сын садағына ілініп жүретін. Кейіннен облыс басқарған тәжірибелі деген Әбілғазы Құсайыновқа сеніп тапсырылды. Биылғы жылдың 19-ақпанына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновты қабылдады.
Сол кездесуде Мемлекет басшысы:
– Кәсіподақтардың негізгі міндеті – еңбеккер мен жұмыс берушілер арасында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу, ал ол үшін кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдары барлық тараптармен тығыз ынтымақтастықта болуға тиіс. Бұл ретте жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік диалогтың жаңа түрлерін дамыту маңызды, – деген болатын.
Федерация төрағасы жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін әлеуметтік серіктестіктегі кәсіподақтар қозғалысының рөлін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу мақсатын көздейтін кәсіподақтар туралы жаңа заңды әзірлеу барысы туралы айтқан.
Жалпы кәсіподақтың жұмысы қалай? Әр саланың мамандарынан пікір алып едік.
Әміржан Қосанов, саясаткер:
- Жалпы тұрғыдан алғанда кәсіподақ федерациясы туралы әңгіме - қоғам өмірі үшін өте-мөте маңызды мәселе! Өйткені, логикаға сүйенсек, кез келген ұжымда жұмыс істейтін кез келген азамат – сол ұжымның кәсіподақ ұйымының толыққанды мүшесі болуы тиіс. Және де сол кәсіподақ оның кәсіптік, еңбек және әлеуметтік-экономикалық мүдделері мен қақтарын толыққанды қорғау алатындай әлеуетті болуы керек! Өкінішке орай біз кешегі Совет Одағының саяси дәстүрінен әлі де арыла алмай келе жатырмыз. Соның ішінде кәсіподақтардың ролі мен міндеті, еңбек адамын қорғаудағы нақты мүмкіншіліктері туралы өркениетті ді өрелі түсінік әлі де қалыптасқан жоқ. Яғни, бізде былай: бастық не айтты, сол дұрыс! Ал осы кесірлі көзқарастан арылу үшін біздің қоғамда кәсіподақтар өзінің бүгінгі «қуыршақ» ролінен арылуы тиіс! Олар шын мәнінде жұмыс берушімен терезесі тең келіссөз жүргізе алатын және де жұмыскерлердің қақын тиімді де тегеурінді қорғай алатын қуатты қоғамдық күшке айналуы тиіс. Бірақ біздің еңбек заңнамасы біржақты, яғни жұмыскер емес, жұмыс берушінің жағында. Ол болса, кешегі 90-жылдары орын алған кесірлі көзқарастың осы күнге дейін созылып келе жатқан салдары. Осы заңнамалық жағдайды өзгертпей, ешнәрсе де өзгермейді! Ал қазіргі Кәсіподақ Федерациясы – қоғамда жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы қалыптасқан қарым-қатынасын формальды түрде реттеп отырған, соның ішінде біржақтылыққа ұрынған, яғни өкімет пен жұмыс берушімен мейлінше ауыз жаласып кеткен құрылым. Және де ол жұмыскерлердің қақын жөнді қорғай алмайды. Мәселен, ел ішінде қаншама еңбек дау-дамайы шығып жатыр. Көптеген кәсіпорындарда жұмысшылар өз қақтарын қорғап, ереуілдеп, бас көтеріп жатыр. Осы Федерация соларды ашық қолдай алды ма? Сол ереуілдердің ортасына барып, екі жақтың мәмілеге келуіне жағдай жасай алды ма? Басқасын айтпағанда кешегі Жаңаөзен трагедиясы кезінде ол Федерация қайда болды? Неге жеті ай бойы алаңда тұрған жұмыскерлердің қасынан табылмады? Сондықтан да Қазақстанда шынайы, төменнен құрылған кәсіподақтардың мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет. Және де ол қозғалыс формальды сипатынан арылып, мейлінше тәуелсіз сипатқа ие болуы тиіс! Онсыз ешнәрсе де өзгермейді! Қазіргі жағдайға келсек, олигархтар мен жұмыс берушілерден құралған Парламент ол заңдарды осы бағытта өзгертеді дегенге мен бүгінде сенбеймін!
Қуандық Шамахай, халықаралық журналист:
- Қазіргі кәсіподақтар аты бар да заты жоқ құрылымға айналғандай көрінеді. Негізі, құқықтық зайырлы қоғамда неше жерден мәселенің ақырына нүкте қоятын сот десек те, жалпы кәсіподақ керек. Бірақ, дәл қазіргідей көзбояушылық кімге қажет? Олардың қазір еңбекші қауымның құқығын қорғауға анау айтарлықтай қауқары шамалы. Бұрынырақта олар жұмыс берушілерге сөзін өткізе алатын еді. Қазір олардың құзіреті не екенін де түсінбейсің. Бір артық құрылым секілді. Мысалы, басшы мені еш себепсіз мәжбүрлеп жұмыстан шығарды делік. Ол үшін кәсіподақтан рұқсат сұрамайды ғой. Кәсіподақ ұйымы дәл қазір ешкімге ара түсе алмайды, басшыларға сөздері өтпейді. Қазір біздің атқарушы билік кәсіподақты қоя тұрайық, сот пен прокуратураның сөзіне құлақ асса, рахмет айтармыз. Негізі, тәуелсіз кәсіподақтар құрылып өз функциясына сай жұмыс істей алса, қарапайым еңбек адамдары үшін өте пайдалы. Бірақ, дәл қазір ондай болмай тұр ғой.
Қадырғали Көбентай, әнші, композитор:
- Меніңше, кәсіподақ керек сияқты. Көп балалы аналар, жағдайы нашар отбасылар, мүгедектер, т.б үшін.. Өнер адамдарына да керек, атаққа ұсыну, пәтерге кезекке қою дегендей.. жарна (взнос) жиналады, содан ақша бөліп, зейнеткерлерге, қарттарымызға көмек беруге болар еді.. егер жиналған жарнаны жымқырмаса...
Асқар Ақтілеу, журналист:
- Журналист кәсіподағы не үшін керек? Айналамызда күн сайын еңбек құқықтары бұзылып жүрген қара халықты көзіміз көріп жүр. Көмек сұрап журналистерге жолығып жатады. Бірінің еңбек келісімшарты жоқ, тағы біріне жұмыс істетіп алып, ақшасын төлемей кетеді. Заңда көрсетілген құқықтары мен міндеттерін құл базарындағы ауыл жігіттері мен дәмхана-шайханаларда ыдыс-аяқ жуып, даяшы қыздар түгілі сауатты-ау деген журналистердің өздері де біле бермейді. Бір ғана кішкентай Ақтөбенің өзінде соңғы бір-екі айдың ішінде бірнеше журналист жұмыстан шығып қалды. Республикалық арнада ұзақ жылдар меншікті тілші болып келген бір әріптесіміз редакторымен келісе алмай, үн-түнсіз жұмыстан шығып кете барды. Тағы бір тілшінің үстінен әкімдіктен телефон арқылы шағым түсіп, айналдырған жарты күннің ішінде жұмыссыз қалды. Журналистер мұндайда үн-түнсіз, өз құқықтарын қорғай алмай, далада қалып жатыр. Бір бейнеоператордың ісін қазбалай келе он жыл бұрынғы заңбұзушылығын бетіне басып, қудалауға ұшырай бастады. Қуынайын десе, заңнан бейхабар. Оны қолдап жатқан әріптестері, не өзгелері жоқ. Телевидениеде жұмыс істейтін бейнеоператорларды да басшылық әбден басынып алған. Аптасына заңда көрсетілген осынша уақыт жұмыс істеу деген жоқ, кез келген уақытта шалғай ауылдарға жібереді, мереке, демалыс күндері міндетті түрде жұмыста болуы керек. Бәлкім телеарна жұмысының ерекшелігі сол шығар, олай болса, мереке-демалыс күндері еңбекақысы еселеніп төленуі тиіс қой. Оны ойдан шығарып отырған мен емес. Заң солай дейді. Бізде оны орындап жатқан телеарна басшылары жоқ. "Жұмысыңды істе, ұнамаса орныңды босат!" Араша сұрап келген қарапайым халыққа көмектеспек түгілі өзіміздің құқығымызды өзіміз қорғай алмаймыз. Басшылықтың ығына жығылған сайын, олар да журналистердің ынжықтығын пайдаланып, басына береді. Өз басым, былтыр кәсіподақ құрсақ нетті деп бастама көтергенмін. Рас, бірді-екілі әріптесіміз қолдады. Өкінішке орай, одан әрі қолдау таппадым. Журналистердің бірінші сауалы: "Одан бізге не пайда?!" дегеннен аспады. Жауабым да дайын болды: "Ақшалай, материалдық тұрғыда ешқандай пайда болмайды, балаларыңа лагерьге жолдама тауып бере алмаспын, жаңа жылда бір пакет сыйлық тағы бере алмаспын. Бірақ еш зияны да жоқ қой". Заң жүзінде кәсіподақ тіркеу үшін кемі он адамның қолы керек болды. Бәлкім, кәсіподақ мүшелері жарна төлеу керек шығар. Бірақ, бірден кесіп айттым, әрі кетсе сол он адам мүше бола қойса, әрбірінен жарна 200 теңге болады деп есептегенде, көп болса 2000 теңге шығар, оны жұрттан жинамай, өз қалтамнан-ақ төлеймін, тек одақ құруға келісіміңдерің керек деп жер-жерде айтып жүрдім. Бір жағынан қазақ десек, өзімізге тиеді ғой бір шеті. Бірі қиналып жатқанда екіншісі қозғала қоймайды. Әлде әбден ынжық болып қалғанбыз ба?! Көмектеспедің бе, онда ең болмағанда тыныш отыршы. Жоқ, бізде көмектесейін деп жүгіресің, қалған кейбір әріптестерің кекетіп күледі. Әйтеуір шалып қалудың амалын жасайды. Аяқ асты қазақ болып шыға келеміз. "Шу шығарып не керек, қазақ емеспіз бе" деп данышпанси қоятындар табылады. Ол тек өңірде емес, Алматы, Астанада да байқалатын жайт. Бір Жарылғап Қалыбайдың өзі не тұрады?! Шыр-пыр болып жатқан адамды байқамадым. "Түркістан" газетіндегі Нәзия Жоямергеннен басқа! Қалғандары тым болмаса, жөнімен отырса екен. Жоқ. Керісінше Жарылғап ағайды одан сайын тұқыртқысы келеді. Ақтөбеде өткен жылдары "Жас алаш" газеті тілшісінің сотына да қатысып жүрдім. Әріптес ретінде ғана. Моральды қолдау көрсеткен түрім шығар. Көп болса, құжаттарын алып, заңгерлермен ақылдасып, жүгірген болдым. "Жетінші арнаның" тілшісіне жұмыс беруші тарапынан қысым болды. Біраз хат жазыстық. "Жала жапты", "жалған ақпар таратты" деген желеумен сотқа сүйрегісі келетіндер жетіп артылады. Былтыр Игорь Ларраны соққыға жығып кетті. Қозғала қойған адам болмады. Көз жұмды деп хабар естідік. Тіпті көңіл айтуға барғандар болмады. Саусақпен санарлық әріптес барды. Наталья Садықова Ақтөбедегі еркін ойлы, мықты деген журналистердің бірі. Кей әріптестер оған "обалы жоқ" дегеннен әріге бармады. Ол өз алдына ғой. Бір мысал еске түсіп отыр. Ертеректе бір журналист біреуді жұмыс басында сабап тастайды. Жігіт қызға қол көтерді. Әлгі қыз бала әрине сотқа жүгінеді. Ақша талап етеді. Ол уақытта қайбір жарып жүреміз. Айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Соған қарамастан сол кездегі өлшеммен бір айлығымды әлгі әріптесіме бере қойған едім. Әйтеуір аннан-мұннан тиын-тебен жинап, аман қалды. Қанша дегенмен тергеу болып жатты. Қылмыстық іс қозғалуы мүмкін еді. Қыз бала ақшасын алған соң, жігітке кешірім берді. Адам күні адаммен ғой, көмегім еді деп пұлдап жатпадым. Бірақ әлгі әріптес кейін мені талай жерде жерге қаратып кетті. Одан қалды кез келген мүмкіндікті пайдаланып, мені жермен жексен қылуға әрекет қылып бағады. Осындай жайттар басыңнан өтіп жатқанда, бәрі де құрып кетсінші дейсің, амалсыз. Жылдар өте әлгі қыз баламен жолыққанда, бетіне қарай алмадым. Кезінде соны ұрған жігітке көмек көрсеткен "өзімнің обалым жоқ" дегеннен басқа ой келмеді. Осындай иттік жасап кеткеннен кейін, осы маған не жоқ, бір жерімді қысып, тыныш отырайыншы деймін ғой кейде. Өкінішке қарай, әлі де журналистер келіп, мұңын шағып тұрғанда, жағдай айтып келіп тұрғанда, қарап қала алмайсың... Журналистердің құқықтық тұрғыда сауатсыз екенін басшылық та пайдаланып қалуға тырысады. Келісімшарттарға қол қойғызып алады. Бухгалтериядағы қитұрқы әрекеттерге жұмылдырады. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз ауылдан шықтық қой. Жөн-жосығын біле бермейміз, бірақ қыруар ақша желініп жатыр. Айналып келгенде басшылық өз қолымен емес, қарамағындағы сауатсыз әріптестердің қолымен жасап отыр. Тек дәлеліміз болмай діңкәміз құрып отыр. Бірді-екілі заңгер, бухгалтер дегендерге ескертіп айттым, оңды-солды қол қоя бермеңдер, басшылық ақша жесе, сендердің қолдарыңмен жейді. Қағазда кімнің қолы қалды, заң алдында сол жауап береді деп, ойландырып кеттім. Ұзын сөздің қысқасы - кәсіподақ керек-ақ! Бастама журналистердің өзінен болу керек. Өз басым, абырой болғанда бірнеше жұмыстың басын ұстап, жан сақтап отырған шығармын. Аз уақытым болып, өзімше бір әрекет жасағым келетін болар. Одан пайда көремін деген ой жоқ. Керісінше уақытымды зая кетіріп, өз қалтамнан төлейтінім болмаса. Мейлің анау-мынау шығынға батсам, оған тауым шағыла қоймас. Бірақ қай басшылықпен болса да жағаласып, салғыласып, жексұрын болып көріну жақсы дейсің бе?! Одан қалды, "осының қайбір жақсылық ойлап жүр дейсің, тек шу шығарғаннан басқа қасиеті жоқ" дегенді де естіп жатамын өз атыма.
Айдарәлі Раманов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Жол және құрылымдар департаментінің бас маманы:
- Қазіргі таңда теміржол саласында, яғни «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында теміржолшылардың толық-қанды әлеуметті-эконмикалық, еңбек қатынастары мен құқықтарын қорғайтын жүйелі түрде кәсіподақтың жұмысы жоқ деп айтуға болады. Егер кез-келген теміржолшыдан кәсіподақ Сізге не берді? – деп сұрақ берер болсаңыз, онда олардың оқта-текте демалыс орындарына берер жолдамадан басқа ештеңе естеріне түсіре алмасы анық. Мұндай мәселе тек, осы салаға ғана емес, еліміздің бар мекемелерінде орын алып отыр десем артық айтқаным болмас.
Мұндағы біздің кәсіподақтарды құрудағы концептуалды қателіктеріне байланысты, әлемдік озық дәрежедегі Польшадағыдай мықты Качиньскийлерді Англиядағы индустриалды революцияларға септігін тигізген трейд-юниондарды (Trade-Unions - кәсіподақтар) құра алмай отырғанымызда. Егер жұмысшы жан-жақты құқықтары қорғалып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жеткілікті дәрежеде болса, онда ол мекеменің тасы да өрге домалары айдан анық. Сондықтанда мықты кәсіподақтарды қалыптастырмай, мықты орта тап жұмысшылардың қалыптаспайтыны, одан келе өзіндік құны жоғары тауар өндірісін дамыта алмау глобальды мәселелерді шеше алмау қаупі туындайды.