Жаздың аптап ыстығында шымкенттіктер үшін Қошқарата өзені таптырмас демалыс орны. Онда кіру ақысыз болғандықтан, қаланың тұрғындары мен қонақтары таңның атысынан кештің батуына дейін ағылуда,-деп жазады shymkala.kz. Әсіресе, шіліңгір шілдеде ине шаншыр жер жоқ. Демалушылардың арасында еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бар. Тіпті, өзге қалалар мен шетелден арнайы іздеп келетіндер де аз емес. Өйткені, Қошқар ата өзені суының емдік қасиеті мол.
Қошқарата өзеніне шомылуға келген халықтың бірқатарымен сөйлесе келе, арасынан Қырғызстанның Бішкек қаласынан келген қонақтарды әңгімеге тарттық. Солардың бірі – 49 жастағы Айчүрек Мамаева. Шымкентте суы шипалы өзен бар деген соң, арнайы келіпті. Айчүректің аяғы ауырады екен. Суға түскелі бері өзін жақсы сезінетінін айтты. Көрші ағайындар секілді дертіне шипа іздеп келгендер қатары аз емес. Онда ақ жаулықты әжелерді де жиі кездестіресіз. Өзеннің өңменнен өтетін суына шыдап-ақ тұр. Мәселен, шардаралық Гүлжан Әбуова 64 жаста болса, шымкенттік Набат Қалдарбекова биыл 66-ға келіпті. Бірін қан қысымының жоғары болуы мазаласа, ал екіншісінің аяғы қақсайды екен. Жыл сайын өзен суына түскендіктен, денсаулықтарында оңды өзгерістердің барын айтты. Қошқаратаға келгендердің сөзіне құлақ түрсек, оның суы жараға да ем екен.
Бұлақ басынан қасиетті суды алуға кезекке тұрғандардың да қарасы көп. Қошқарата кесенесінің «Киелі бұлақ» шырақшысы Жұма Нұржан өзенге таңғы сағат 7.00-ден кешкі 21.00-ге дейін келушілер қатарының толастамайтынын айтты. Сондықтан да болар, тәртіпті бақылап отыру қиынға соғуда. Онда спиртті ішімдік алып келетіндер және шомылуға тиым салынған жерлерде суға түсетіндер көп кездеседі екен.
– Кейде ескертулер мен құлаққағысқа назар аудармайды. Рұқсат етілмеген жерде суға түседі. Өкінішке қарай, өзен маңында «маевкаға» келгендей арқасын кеңге салып отырғысы келеді. Біз тақтайшаға тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайтынын, бұлақ басынан су алар кезде киіммен келу қажеттігін айтамыз. Бірақ оған назар аударып жатқандар аз. Тіпті, су алатын бұлақ басына ішіп алған әлдебіреулер шомылмақ та болды, – дейді шырақшы.
БҮЛДIРШIНДЕР ДӘН РИЗА, ДЕГЕНМЕН...
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Қошқарата өзенінің айналасы қоқысқа толы, лас орын еді. Қасиетті саналған өзен сағасын үйсіз-күйсіздер мен маскүнемдер тұрақты орынға айналдырды. Ол аз десеңіз, жақын маңда орналасқан жергілікті тұрғындар қоқыс қалдықтары мен шайынды суларын өзенге төгетін. Бүгінгі таңда бұл мәселе қалалық әкімдік тарапынан қолға алынып, біртіндеп шешімін тауып келеді. Қазір Қошқарата өзені қалалықтар үшін әдемі демалыс аймағына айналып отыр. Өзеннің бүгінгі жағдайымен қала басшысы Ғ.Әбдірахымов жақсы таныс. Өзен бойын тұрғындардың тұрақты демалыс аймағына айналдыруды көздеген қала әкімі жуырда бұл жерді аралап, өзен арнасы мен оның айналасында салынған әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Айта кетерлігі, шілде айында арнайы техникамен жабдықталған жұмысшы тобы өзен арнасын қоқыс қалдықтарынан, жабайы жалбыздардан және шөптерден тазартты. Жалпы айтқанда өзен айналасы абаттандырылып, көріктендірілді. Қала басшысы киім ауыстыру орындары мен сәкілерді көбейту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция бекетін орнату қажеттігін де алға тартқан еді. Сондай-ақ, қазір Қошқарата өзеніне бекітілген екі күзетші мен екі учаскелік полицей жұмыс істейді.