31.07.2016 в 13:52

Шымкентте жаңа оқу жылында 6 білім ошағы пайдалануға беріледі

Шымкент қаласында биылғы жаңа оқу жылында жаңа 6 білім ұясы пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, қала аумағына жаңадан қосылған Тассай, Сайрам, Қаратөбе елдімекендерінде бой көтерген жалпы орта мектеп ғимараттары жаңадан қосылған маусымда оқушыларды қабылдауға толығымен дайын. Бұдан бөлек, 8 білім нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш мектеп ғимараттарының тапсыру мерзімі 2017 жылға белгіленген. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева мәлім етті. Оның айтуынша еліміз тәуелсіздік алғалы бері Шымкент қаласындағы орта білім беретін мектептердің саны екі есеге артқан. Бұл қатарда, «Сайрам» шағынауданында іргетасы 1991 жылы қаланған Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясын айтуға болады. Биыл бұл мектеп ел Тәуелсіздігімен бірге 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Сол кезеңде жаңа тұрпатты мектеп аталған мекеме 1993 жылы көркем-эстетикалық кешенді лицей-мектебі, 1996 жылы гуманитарлық-эстетикалық гимназия-мектебі дәрежесін иеленген. 2009 жылдан бері аталмыш білім ұясы мектеп-гимназия деңгейінде аталып келеді. Міне, содан бергі уақытта Шымкент қаласында 60-қа таяу мектеп ғимараты пайдалануға берілген.

Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы жаңа оқу жылында 3 мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. Соның бірі Забадамдағы №13 мектепті жаңалауға бюджеттен 106 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары түзілген кестеге сай жүргізілуде.